Хиджаб үшін мектепті жабу дұрыс па? Заңгерлер жауап берді

2 500

Фото: Opennews.kz ЖИОсыдан бірнеше күн бұрын Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат берілген жағдайда, олардың лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Министрдің осы мәлімдемесінен кейін, қоғамда үлкен дау туды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстанда бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келе жатқан еді. Мектеп оқушыларының діни киім киюіне қатысты талаптар бірнеше жылдан бері қоғамда талқыланып, ата-аналар, білім беру ұйымдары мен дін өкілдері арасында түрлі пікір қалыптасты. Бір тарап мектептің зайырлы білім беру қағидатына сай бірыңғай форма сақталуы керек деп есептесе, екінші тарап оқушылардың діни сеніміне байланысты таңдау жасау құқығы ескерілуі қажет екенін алға тартып келеді.8 қыркүйек күні Үкіметтегі брифинг барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан кейбір жекеменшік мектептердің оқушыларға хиджаб киюге рұқсат беруі министрліктің жалпы саясатына қаншалықты сәйкес келетіні сұралды.

"Бізде бірыңғай мектеп формасы бар. Тиісінше, барлық мектеп осы ережелер мен талаптарды сақтайды. Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бірге қатысады. Әкімдермен, әкімдіктермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін үлкен комиссиямыз бар. Сондықтан қазір, оқу жылының басында, мұндай мектептер жоқ. Өткен жылы мұндай мектептер, оның ішінде жекеменшік мектептер де болды", – деді министр.

Сүлейменова сондай-ақ мұндай факт анықталған жағдайда мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтты. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды.

Қазақстан мектептерінде діни киімге қатысты талаптар 2016 жылы бекітілген міндетті мектеп формасы нормаларынан бастау алады. 2016 жылғы 14 қаңтарда Білім және ғылым министрі "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" №26 бұйрыққа қол қойған. Құжат Әділет министрлігінде 2016 жылғы 16 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен. Кейін сол бұйрыққа 2016 жылғы 4 сәуірде №248 бұйрықпен өзгеріс енгізіліп, 13-тармақтың жаңа редакциясы бекітілді. 

Онда "Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды" деп көрсетілді. Осы талапқа байланысты мектеп формасында діни конфессияға қатысты киім элементтерін, соның ішінде хиджабты қолдануға жол берілмейді.ҚМДБ-ның өшіріліген жазбасы

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, түрлі пікір туғызды. Жұлдыз Сүлейменовадан кейін ҚМДБ да үнсіз қалмай, хиджабқа қатысты айтқанына жауап берді. Алайда кейін бұл жазба өшірілді. Соған қарамастан, ҚМДБ-ның айтқан пікірлері скриншот болып, әлеуметтік желілерде тарап үлгерді. Өшірілген жазбасында кәмелетке толған мұсылман әйелдің орамал тағуы ислам шариғаты бойынша міндет (парыз) саналатынын атап өткен.

"Бұл мәселеге қатысты діни ұстаным өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де өз позициясын ашық айтып, мектеп оқушыларына білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауға мүмкіндік беретін шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолдаған", – деп жазылған өшірілген жазбада.

ҚМДБ-ның пікірінше, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздарға мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне сәйкес келетін орамал тағуға мүмкіндік берілуі керек.

"Біздің ойымызша, оқушы қыздың орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни сеніміне түсіністікпен қарауы мектепті лицензиядан айыруға негіз болмауы керек. Сондықтан ҚМДБ орамал тағуға рұқсат берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру сияқты қатаң шараларды қолдамайды", – деп жазылған діни басқарманың өшірілген жазбасында.

ҚМДБ хиджаб мәселесі қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын еске салды. Басқарма бұл мәселені тек тыйымдар мен әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсінбеушілікті одан әрі күшейтуі мүмкін деп санайды. Осыған байланысты ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігі мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздарға орамал тағуға мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетік әзірлеуді ұсынған.Сонымен қатар ҚМДБ зайырлы мемлекет қағидатына қатысты да пікір білдірді. Діни басқарманың мәлімдеуінше, мемлекеттің зайырлы болуы дінді жоққа шығару немесе азаматтардың діни сенімін шектеу дегенді білдірмейді.

Жекеменшік мектепке хиджабпен кіру заңға қаншалықты қарама қайшы?

Әр оқу жылы басталар кезде әлеуметтік желіде оқушылардың мектепке хиджабпен кіру туралы дауға айналады. Көбіне діни ұстанымдағы азаматтар мемлекеттік мекемеге діни киіммен кіруге тыйым салғанын наразылық танытады. Тіпті кейбіреулері жекеменшік мектепке оқытады дегенді де естиміз. Ал заң аясында жекменшік мектепке хиджабпен кіру қаншалықты орынды? 

“Мектеп формасына қойылатын талаптар тек мемлекеттік емес, жекеменшік мектептерге де қолданылады. ҚР "Білім туралы" заңы бойынша білім беру ұйымдары меншік нысанына және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан тиісті заңды тұлғалар болып табылады. Сондықтан мектептің жекеменшік болуы оны білім беру саласындағы міндетті заң талаптарынан босатпайды”, – деп жауап берді заңгер.

Заңгер жекеменшік мектеп орта білім беру ұйымы ретінде жұмыс істейтін болса, №26 бұйрықта белгіленген талаптар оған да міндетті. Бірақ жекменшік мектептің өз формасы бола тұра, мектептің ішкі ережелері Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне қайшы келмеуі керек екенін түсіндірді. Сондай-ақ мектеп оқушыға хиджаб киюге рұқсат берсе, не болатынын тілге тиек етті.

“Бұл жерде №26 бұйрықпен бекітілген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптардың 13-тармағына тікелей сүйену қажет. Онда: "Әртүрлі конфессиялардың діни қатыстылығын білдіретін киім элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді" деп көрсетілген. Егер хиджаб діни қатыстылықты білдіретін киім элементі ретінде тағылатын болса, ол осы шектеуге жатады. Мектеп мұндай ерекшелікке саналы түрде ішкі ережелерінде рұқсат берсе немесе іс жүзінде өзгеше тәртіп орнатса, бұл бақылаушы орган тарапынан білім беру саласындағы заң талаптарын сақтамау ретінде қарастырылуы мүмкін”, – деп жауап берді заңгер.

Қорытындылай келе, заңгер жекеменшік мектептер де заңға бағына отырып, мектеп формасын бекітеді. 

“Егер мектеп формасы бұзылған жағдайда оқу орнын бірден жауып тастамайды. Алдымен заңбұзушылықтарды жою туралы талап қойылады. Ал егер талап орындалмаса тиісті шаралар қолданылады”, – дейді заңгер. 

“Діни еркіндік”: Евгений Жовтис

Қоғамдық мәселеге айналған тақырып бойынша редакциямыз, құқыққорғаушы Евгений Жовтиспен де тілдесті. Оның айтуынша, біздің Конституциямыз бойынша діни бірлестіктер мемлекет ісіне заңсыз араласа алмайды, мемлекет те діни бірлестіктердің ісіне заңсыз араласа алмайды. 

“Мұнда дінді ұстану құқығы мен ата-аналардың кәмелетке толғанға дейін балаларын өз дініне сәйкес тәрбиелеу құқығын ажырата білу керек. Бұл — діни еркіндік. Екінші жағынан, мемлекеттің зайырлы сипаты бар. Осы екі мәселе түйісетін жерде мемлекет екі тарапты да қанағаттандыратын тепе-теңдікті іздеуге міндетті”, – деді Евгений Жовтис.

Құқыққорғаушы елімізде Конституциядағы діни еркіндік құқығы мен діни белгілерге тыйым салатын министрлік бұйрығы арасында құқықтық қайшылық бар екенін жасырмады. Айтуынша, негізі, бұл мәселеге Конституциялық сот нүкте қоюы керек еді. Өкінішке қарай, Жоғарғы сот Конституциялық сотқа жүгініп, ар-ождан бостандығына және осы бұйрықтың Конституцияға сәйкестігіне қатысты норманы түсіндіруді сұрамады. "Бұлай жасауға бола ма, болмай ма? Егер болса, қандай шекте? Қай жастан бастап?" деген сұрақтарға түпкілікті нүктені Конституциялық сот қоюы керек.

Өз сөзінде құқыққорғаушы баланың мектепке хиджабпен баруға құқығы бар ма, жоқ па екеуінің аражігін түсіндірді. 

“Менің пікірім мынадай: егер жалпыға ортақ мемлекеттік мектеп туралы сөз болса және онда бірыңғай мектеп формасы белгіленсе, хиджабпен баруға тыйым салу — қалыпты. Бұл — зайырлы мемлекеттің ұстанымы. Екінші жағынан, тепе-теңдікті іздеу керек. Жалпы білім беру стандарты қамтамасыз етілетін және сонымен бірге діндар адамдарға арналған мектеп құруға мүмкіндік болатын жағдай жасау қажет. Мысалы, медресе немесе жалпы білім беру стандарты сақталатын діни мектептер”, – деді құқыққорғаушы.

Сөзінше, Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен дәстүрінде ислам діні ешқашан радикалды немесе тым қатаң канондық сипатта болған емес. Сондықтан, әрине, мемлекеттің зайырлы сипаты бірінші орында тұрады. Қазақстанда әр мектепке келіп тұрған оқушыға білім бермеуге тыйым салынған, сондай-ақ мектеп баланы хиджабпен мектепке кіргізе алмайды. Парадокс, осы тұста мектеп екі ортада қалып, бір жаққа ығыса алмай қалады. Ал Евгений Жовтис бұл мәселені “құқықтық коллизия” деп түсіндірді.

“Бұл мәселе бойынша мектеп емес, Білім министрлігі Үкімет арқылы Конституциялық сотқа жүгініп, білім алу құқығына және ар-ождан бостандығына қатысты Конституция нормаларына түсінік беруін сұрауы керек”, – деді құқыққорғаушы.

Сөз соңында Жовтис бұл жерде біржақты, нақты шешім жоқ. Біз белгілі бір нәрсені нұсқаулықтарға сүйеніп, "дұрыс" немесе "бұрыс" деп қабылдауға үйренгенбіз. Ал бұл мәселе өте күрделі, сондықтан ымыра мен тепе-теңдік іздеу қажет екенін тілге тиек етті.        

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.