ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты мәлімдеме жасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматыда қаза тапқан студент қыздың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмектескенін және тергеу жүргізіп жатқан полициямен байланыста екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Университет марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Оқу орнының мәліметінше, басшылық пен қызметкерлер қыздың қамқоршысы және туған-туыстарымен тұрақты байланысып, оларға қолдау көрсеткен.
«Оқиға орын алған сәттен бастап оқу орны Алматы қаласы Полиция департаментімен тығыз байланыста жұмыс істеп, өз құзыреті шегінде қажетті көмек көрсетіп келеді», – делінген хабарламада.
ҚазҰУ басшылығы оқиғаның барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты анықталғанын қалайтынын жеткізді. Университет құқық қорғау органдарымен байланысын жалғастырып, тергеу барысын назарда ұстайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ оқу орны тергеу аяқталғанға дейін түрлі болжамдар мен расталмаған ақпараттарды таратпауға шақырды.
Оқиға туралы не белгілі?
Еске салайық, 6 қараша күні кешке Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында бірінші курс студенті қаза тапқан. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бойжеткен журналистика факультетінде оқыған және Шымкенттен Алматыға білім алуға келген.
7 қарашада Алматы қаласының полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.
Қыздың өліміне не себеп болғаны әзірге ресми түрде анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Қаз
Рус






