Енді мұғалімдерді жұмысқа директорлар қабылдамайды

477
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Сенат депутаттары бірнеше маңызды жаңа норманы қамтитын заң жобасын қарастырып, мақұлдады. Ол құжатта, менің ойымша, сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын екі ерекше норма бар. Соларға тоқталып өтейін», - деді министр.
Біріншісі педагогтерге қатысты.
Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды.
Қазіргі таңда педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. 
«Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді. Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады», - деп жазды Білім және ғылым министрі.
Екінші норма басшыларға қатысты.
Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларына ротациялау енгізіледі.
Ротациялау институты мемлекеттік қызметте, бизнес құрылымдарында және басқа да бағыттарда енгізілген. Алайда білім беру саласында ротациялау тәртібін қолдану мүмкін болмады. Тіпті мемлекеттік ұйымдардағы басшылардың басым көпшілігімен мерзімсіз еңбек шарты жасалған, сәйкесінше көбі лауазымдық қызметті жылдар бойы атқарады.