Магистратура мен докторантураға түсуге өтініш қабылдау қашан басталады

489
Білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін өтініштер қабылдау қашан басталатынын хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, магистратураға түсу үшін өтініштер БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 1 маусым мен 15 шілде аралығында қабылданады.

Ал кешенді тестілеу 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Араб тілі бойынша және шығармашылық емтихандар 16-25 шілде аралығында өтеді. Магистратураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. 
Кешенді тестілеудің қорытындысы бойынша куәлік электронды түрде тест тапсырушының жеке кабинетіне жіберіледі. 

Докторантураға өтініш қабылдау 3 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Докторантураның білім беру бағдарламаларына түсу емтихандары 4-20 тамыз аралығында өтеді. Докторантураға қабылдау 28 тамызда аяқталады. 

Министрліктің хабарлауынша, биыл докторантураға түсу ережелеріне өзгертулер енгізілген. 

Мәселен, биылдан бастап докторантураға қабылдау емтиханы электрондық форматта жүргізілетін болады. Үміткерлер компьютерде отырып эссе жазады, докторантурада оқуға дайындығын растау үшін тест тапсырады және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады.

"Биыл докторантураға түсу ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Докторантураға қабылдау емтиханы алғаш рет тестілеу орталықтарының базасында дербес компьютер арқылы электрондық форматта өтеді. Өткен жылы бұл тәсіл магистратураға қабылдау кезінде қолданылған болатын. Бұл – қабылдау емтихандары тек тестілеу форматында өтеді деген сөз емес. 

Болашақ докторанттар ЖОО-лар бекіткен тақырыптар бойынша эссе жазады. Қабылдау емтиханының қорытынды бағасы эссе, докторантурада оқуға дайындық тесті және бейінді емтихан бағаларының жиынтығы болып табылады", – дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.