БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚҚА КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?
Қызылорда облысында білім саласын шайқалтқан кезекті жемқорлық ісі сот үкімімен аяқталғанымен, қоғам үшін ең маңызды сұрақтар жауапсыз қалды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Бір бас маманның сотталуы – мәселенің соңы ма, әлде жүйелі дерттің тек бір көрінісі ғана ма?
Сот шешімімен облыстық білім басқармасында бас маман қызметін атқарған А. Қ. есімді азаматша қызметтік өкілетін пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу дерегіне сәйкес, ол «Жайлы мектепке» мұғалім етіп жұмысқа орналастырып беремін деген уәдемен қарапайым такси жүргізушісінен 1 миллион теңге алған. Сотта бұл қаржының ешқандай басшыға берілмегені, толықтай жеке пайдасына жұмсалғаны дәлелденді.
Алайда бұл – жалғыз жағдай емес.
Бұған дейін қоғам назарын аудартқан тағы бір істің де ізі осы басқармаға тіреледі. Тергеу материалдарына сәйкес, балабақша саласына қатысты бақылау кезінде анықталған заң бұзушылықтарды «жабу» үшін 1,5 миллион теңге талап етілген. Делдал өз сөзінде өзін басқармадағы ықпалды адамдармен байланыстырып, қаржы берілмесе мекеменің жұмысы тоқтайтынын ашық жеткізген.
Екі істе де ортақ бір жайт бар: ақша “басшылық арқылы шешіледі” деген уәж.
Бұл жерде ең қауіпті мәселе – нақты бір адамның алаяқтығы емес, сол уәжге жәбірленушілердің сенуі. Демек, қоғамда «мәселе кабинетте емес, қалта арқылы шешіледі» деген түсінік қалыптасқан. Ал мұндай сенім қайдан пайда болды?
Ең алаңдатарлығы – қылмыстың сыртта емес, мемлекеттік мекеме ішінде жасалуы. Бас маман бірнеше ай бойы өзін «шешім қабылдайтын адам» ретінде көрсеткен, басқарма басшылығының атын ашық пайдаланған, ақша талап еткен. Ал осы уақытта:
ішкі бақылау қайда болды?
кадрлық қауіпсіздік қалай жұмыс істеді?
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктері неге іске қосылмады?
Егер бұл іс әшкереленбегенде, «Жайлы мектепке» жұмысқа тұру үшін тағы қанша жас маман миллиондап қарыз іздеп жүрер еді?
Сот А-ның әрекетін сыбайлас жемқорлық сипатындағы ауыр қылмыс деп таныды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, 5 жылға бас бостандығынан айырылды (жаза орындау кейінге қалдырылды), сондай-ақ келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың басты бағыты деп атап келеді. Алайда бір мекеменің ішінде мұндай істер қайталанып отырса, мәселе жеке тұлғадан әлдеқайда тереңде емес пе?
Егер бір басқарманың ішінде бірінен кейін бірі жемқорлық сипатындағы істер тіркелсе, онда бұл жай ғана жеке тұлғалардың қателігі емес, басқару жүйесінің олқылығы емес пе? Бас маман басшылықтың атын пайдаланып, айлап ақша жинап жүргенде, басқарма басшысы бұдан мүлде бейхабар болды деу қаншалықты қисынды?
Қоғамды толғандырған тағы бір сауал бар: облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов неге саяси жауапкершілік алмайды? Егер білім саласында мұндай былықтар қайталанып отырса, басқару сапасына кім жауап береді?
Жемқорлықпен күрес тек орындаушыны соттаумен аяқталмауы тиіс. Басшы өз командасындағы ахуал үшін жауап бермесе, онда мемлекеттік басқарудағы жауапкершілік қағидасының мәні қайда?
Қызылорда жұртшылығы дәл осы сұрақтарға нақты жауап күтеді.







