Халық кеңесі құрылмақ: оның құрамына кімдер кіре алады?

1 507

Фото: ©Tengrinews.kz/ Тұрар ҚазанғаповҚазақстанда билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған жаңа орган - Халық кеңесі құрылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

 Конституциялық заң жобасында оның өкілеттіктері, құрамына кімдер кіре алатыны және жұмыс тәртібі нақты көрсетілген. Бүгін Парламент депутаттары аталған заңды бірінші оқылымда қарады. Халық кеңесін құру идеясы Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу барысында көтерілген болатын. Құжат биыл 1-ші шілдеде күшіне енуі жоспарланып отыр. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа органның қызмет ету тәртібі мен құрамын таныстырды. Заң жобасына сәйкес, Халық кеңесі «мемлекет жанындағы жоғары консультативтік орган» мәртебесіне ие болады. Азаматтар осы кеңес арқылы өз ұсыныстары мен өзекті мәселелерін мемлекеттік органдарға жеткізе алады. Министрдің айтуынша, Халық кеңесінің тұрақты құрылымы болады. Негізгі шешімдер қабылданатын алаң - сессия. Ал сессиялар аралығында тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган қызмет атқарады.

Сонымен қатар, тұрақты және уақытша комитеттер құру қарастырылған. Ұйымдастырушылық және талдау жұмыстарын арнайы құрылған хатшылық атқаратын болады. Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, кеңес құрамына қоғамның түрлі өкілдері енгізіледі. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, коммерциялық емес сектордың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері бар. Халық кеңесі мүшелерін 4 жыл мерзімге сайлау ұсынылып отыр. Кеңес төрағасы да осы мерзімге Президенттің ұсынысымен немесе мүшелердің кемінде үштен бірінің бастамасымен сессияда сайланады. Бір тұлға бұл лауазымды үздіксіз атқара алмайды. Жаңа органның негізгі функциялары: ішкі саясат бойынша ұсыныстар енгізу, заң жобаларын талқылауға қатысу, референдум өткізу бастамасын көтеру, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға атсалысу. Сонымен бірге министр бұл орган тек консультативтік сипатта болатынын және қолданыстағы мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмайтынын атап өтті.