Бәйгеқұм ауылы ерекше - демалыс айлағы

1 555

Бүгінде Шиелі ауданына қарасты ауылдардың өзіндік аты мен бренді қалыптасып үлгерген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Олай дейтініміз, Бәйгеқұм ауылы ерекше демалыс орнымен елге танымал. Сол ауылдың демалыс айлағына мына жағы Арал, мына беті Түркістан облыстарынан арнайы келеді. Жергілікті қараша халықтың негізгі бизнес көзі де осы. Ауыл тынысын білмекке Бәйгеқұм ауылының әкімі Дәулет Сейітқалұлына байланысқа шықтық.


Қазіргі таңда жергілікті халық саны – 2368 адамды құрайтын бұл ауылда 425 отбасы түтін түтетіп отыр. Бәйгеқұм ауылында 1200-ден астам адам еңбекке жарамды болса, соның 560-ы жалдамалы жұмысшы. Ал 283 адам өзін-өзі толықтай жұмыспен қамтылған. Ендігі кезекте жұмыссыздар қатарына 26 азамат тіркелсе, қазіргі уақытта жастар тәжірибесі арқылы 1 азамат жұмыс істеуде. Бұл ауылда талай жылдар бойы еселі еңбек еткен 195 зейнеткер тұрады. Сондай-ақ 72-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал мектеп қабырғасында білім алушы 441 бала болса, мектеп жасына дейінгі балалар саны – 356 адамға жеткен. Бүгінде ауылдық округте кіші және орта кәсіпкерлікті жүргізу бағытында 82 субъекті тіркелген. Онда «Айдана» балабақшасы ЖШС, шаруа қожалықтар саны – 10, жеке кәсіпкерлер саны – 72. Ауылдық округте М.Әуезов атындағы №251 орта мектеп, ауылдық клуб, Бәйгеқұм ауылдық ауруханасы, «Әсем» бөбекжай балабақшасы, ветеринариялық және учаскелік полиция пункті халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.


Қазір ауылда білім саласы бойынша өткен жылдың мамыр айында №251 орта мектепке жаңа басшы Қанат Парманқұлов тағайындалып, еселі еңбек етуде. Өткен жылы мектеп бітіруші 19 түлектің 11-і ұлттық біріңғай тест тапсырған. Нәтижесінде, 11 түлек жоғары оқу орындарының грантына ие болып, 2 оқушы колледж студенті атанды. Тағы бір айта кетерлігі, мектеп оқушыларын тасымалдау үшін 40 орындық автобус көлігі де қарастырылған. Сондай-ақ ауылдағы «Әсем» балабақшасында 45 қызметкер жұмыс істеуде. Ал осы балабақшада 100-ден астам бала тәрбиеленуде. Бұған қоса «Айдана» жеке балабақшасында 9 қызметкер жұмыс істесе, 40 бала осы бөбекжай балабақшасына барады. Денсаулық саласы бойынша Бәйгеқұм елді мекеніндегі ауылдық емхана 1982 жылы пайдалануға берілген. Қазір жалпы 2 дәрігер, 40 орта буынды медицина қызметкерлері қараша халықтың дені сау болуы үшін жұмыс істейді. Өткен жылы Бәйгеқұм ауылында 46 сәби дүниеге келген. Барлығы ана мен бала қобдишасымен тегін қамтылған және «Д» есепте 398 адам тұрады. Оның ішінде қант диабеті, жүрек ауру, асқазан-ойық жарасымен «Д» есепте тұратын науқастарға тегін дәрі-дәрмек уақытылы беріліп келеді. Жергілікті қараша халық дәрігерлік тексеруден жиі өтіп тұрады.


Бәйгеқұм ауылындағы мәдениет клуб үйі 2014 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген. Бұл күнде ауылдағы мәдениет саласының атқарып жатқан жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәдениеттің мәйегі, ұлттық мәдениеттің қайнар көзі, халықтың бай мәдени-мұрасы. Әнін, биін, күйін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында үйірмелердің үлесі орасан зор. Олай дейтініміз, ауылдық клуб үйінде ән, би, домбыра, хор үйірмесі және 13 жылдық тарихы бар «Ақ әжем алтын қазынам» әжелер ансамблі көптеген аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталған. Ал үйірмеге қатысушылардың да қанжығасы майланып, түрлі марапаттар мен жүлделі орындар алып келеді.


Осы тұста, ауыл әкімі Дәулет Сейітқалиұлы ауыл тұрғындары кәсіпкерлік бағытта және көркейту-көгалдандыру жұмысында үлкен нәтижеге қол жеткізіп келе жатқанын айтты.


Оның айтуынша, «Бәйгеқұм ауылдық округі әкімінің аппараты көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарды. Осы жүргізіліп жатқан сенбілікке ауылдық округі әкімінің аппаратының қызметкерлері, Бәйгеқұм емханасы ұжымы, №251 мектеп ұжымы, ауылдық клуб ұжымы, «Әсем» бөбекжай блалабақша ұжымы белсенділік танытып, ауыл ішін әрлеу-сырлау жұмыстарын орындады. Олар өз мекемелерінің айналасын тазартып, бірнеше көше мен ғимараттардың, ескерткіштердің айналасын күл-қоқыстан тазартты. Ауылдық округтің паспорты және бильбордтардың жан-жағы тазаланып, «Батыс Европа – Батыс Қытай» автожолының бойын тазалауға сенбілік жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауданда орталығында белгіленіп берілген аумаққа да тазалық жұмыстарын жүргіздік. Елді мекеннің кіре берісіне демеушілік арқылы 450 мыңға көркейту-көгалдандыру бағдарламасы арқылы жасыл желекке коршау орнатылды», – деді.


Сәні мен салтанаты жарасқан ауыл тұрғындары төрт түлікті түлетіп, құрт пен май сатып отыр. Қазір Бәйгеқұм ауылында 3564 бас – мүйізді ірі қара, 777 бас – жылқы, 52 бас – түйе, 4157 бас – уақ мал бар. 3116 бас мүйізді ірі қараға және 2368 бас уақ малға сібір жарасы, аусыл ауруларына қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. Ветпункт мекеме қызметкерлері төрт түлігін түлетіп отырған тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.



"Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы 4 азамат 2,5 пайыздық «Ауыл Аманаты» жобасына құжаттарын тапсырып, 16 млн 100 мың теңге көлемінде несие алып, ашқан кәсібін дөңгелету үстінде. Қайтарымсыз грантқа 3 азамат ілігіп, 4 млн 50 теңге көлемінде несие алған. Қазір мемлекет тарапынан ауылдың жағдайын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар қолға алынып, нәтижелі көрсеткішке жетуде. Бүгінде ауыл тұрғындары кәсіпкерлік бағытқа қарай бет алып келеді. Мемлекеттік бағдарламаға ілікпеген тұрғындар да, өздерінің қажырлы еңбегі арқылы несібесін тауып отыр. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға қатысып, басталған кәсіп көзін кеңейтуді көздеп отыр. Тағы бір айта кететін жайт, ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы саласынан да шет қалған емес. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауыл жәрмеңкесіне қатысып келеді. Кәсіпкерлер өндірген өз өнімдерін ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде 1 тонна балық пен ара балын, 12 тонна бақша, көкөніс, картоп дақылдарын арзан бағамен қала және аудан халқына және «Батыс-Европа – Батыс-Қытай» үлкен жол бойына сатуға шығарып, табыс табуда", – дейді Бәйгеқұм ауылдық бас маманы.


Әр ауылдың қоғамдық тәртібі қашанда үлкен маңызға ие. Қазіргі уақытта Бәйгеқұм ауылында қоғамдық тәртіп учаскелік полиция майоры Ақылбек Асанов қажырлы еңбек етуде. Жалпы бұл ауылда қылмыстық істің орын алмауы да көпке үлгі. Бұл ауылда қылмыстың алдын алу мақсатында және елді мекен халқын тәртіпке шақыру жөнінде, тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алдын алу, мал ұрлығына тосқауыл қою және пада ұйымдастыру жөнінде ауыл тұрғындарының қатысуымен жыл сайын 3 рет жиналыс өткізіліп тұрады.


"Ауыл әкімінің сөзінше, Бәйгеқұм-Жөлек трассасы бойындағы көше жарығы бағаналарын реконстуркциялау жұмыстарына жоба-сметалық құжат әзірленді. Ауылдағы кәсіпкерлер есебінен ауыл ішілік 4 көпір жаңадан салынды. Бәйгеқұм кешені ашылып, дүкен, монша, қонақ үй, асхана үздіксіз жұмыс істеуде. Әр мерекеде ауылда 80-ге толған азаматтардың мерей тойы аталып, балалар күні, 8 наурыз, жаңа жыл мерекесінде сый-сияпат беріліп тұрады. Ауылдан Ханқожа көлінің бойынан Бәйгеқұм қоғамдық жағажай ашу үшін түрлі бағытта жұмыстар жүргізілуде. Осы Хан қожа көлінің жағасында орналасқан кәсіпкерлер ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік таратып, мектеп оқушыларына оқу жылы басында киім-кешек, қажетті құралдармен қамтамасыз етіп отырады. Сондай-ақ өткен жылы ауыл ішіндегі Досбол би, Әуезов, Ш.Уалиханов көшелерінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді", – деді.


Қазанатын баптаған, қазақы дәстүрді сақтаған ауылдың ажары күн сайын көркейіп, дамудың даңғыл жолында көш бастап келеді. Бүгінде Бәйгеқұм ауылында толымды тірлік пен береке-бірліктің арқасында бірталай жұмыстар атқарылған.