Докторанттардың шәкіртақысын 4-5 жылда 500 мың теңгеге жеткіземіз – министр

2 504

Алдағы 4-5 жылдың ішінде докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге жетеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" aқпарат агенттігі.


«3 жыл докторантурада оқып, PhD алып шыққаннан кейін осы оқыған уақыты университетке келгенде есепке алынбайды. Оқытушылықтан бастауына тура келеді. Бізде, оқытушы, аға оқытушы, қауымдастырылған профессор, профессор деп бөлінеді. Профессорлыққа жеткенге дейін біраз уақыт өтеді. Мақалалар жазып, гранттарға қатысуы керек. Сондықтан ең алдымен PhD қағидаттарын өзгертіп жатырмыз. PhD шәкіртақысын көтереміз. Биыл 217 мың теңгеге жетті. Жыл сайын 20 пайыз көтеріліп отырады. Алдағы 4-5 жылдың ішінде 500 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарымызда бар», - деді  Ғылым және жоғары білім министрі Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында. 


Осы орайда министр өткен жылдан бастап үш жылдық «жас ғалым» гранттары беріле бастағанын айтады.


«Айлығы 500 мың теңге болады. Жас ғалымды тарту және ғылым жолында қалдыру үшін бірнеше кешенді іс-шараны қабылдап жатырмыз», - деді Саясат Нұрбек.