Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар болады ?
Жаңа оқу жылында елдегі білім ордалары мен ошақтарын бірнеше тың өзгеріс күтіп тұр, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту саласы
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022-2023 оқу жылында елімізде 3,6 млн бала 7 637 мектепте білім алады.
Балаларды 1-сыныпқа қабылдау науқаны кезінде ата-аналардан 400 мың өтініш түскен. Өтініш берушілердің 70%-дан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған.
Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 280 мыңдай балаға орын жетпейді. 2025 жылға қарай бұл сан 1 млн орынға жетуі мүмкін. «1000 мектеп» жобасының аясында былтыр 270 мектеп салынса, биыл 225 мектепті қолданысқа беру көзделген.
192 күн демалыс, 173 күн сабақ
Жаңа оқу жылының басты жаңалығы 5 күндік оқу аптасы болып отыр.
Үш ауысымда білім беретін мектептерден басқа бүкіл білім ошақтарын бес күндік жұмыс форматына көшіру туралы шешім қабылданып отыр.
Қарапайымдап айтсақ, ендігі оқу жылының жазғы демалысы 2023 жылдың мамырында басталады.
Бұған дейін 1 сынып оқушылары үшін оқу жылының ұзақтығы 33 апта болса, енді 35 апта болады. Ал 2-11 сынып оқушылары үшін оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға ұзарады.
Күзгі демалыс 31 қазан мен 6 қараша аралығында;
қысқы демалыс 31 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында;
көктемгі демалыс 18-26 наурыз аралығында;
жазғы жемалыс 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында өтеді.
Бұған дейін оқу жылындағы демалыс күндері 30 күннен кем емес болып келсе, енді 25 күн болып бекітілді.
Бірінші сыныптар үшін 6-12 ақпан аралығында қосымша демалыс бар.
Осылайша, демалыс және мереке күндерін есептегенде балалар жыл бойы 192 күн демалып, 173 күн мектепке барады.
Ағылшын тілі 3 сыныптан басталады
Ведомство жүргізген арнайы зерттеулер мен сараптамалардың қорытындылары 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін анықтаған. Сондықтан министрлік «Бала алдымен өз тілінде оқып және жаза білуі тиіс», - деген ұстанымды таңдап отыр.
Яғни, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуды, ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілін оқыту туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, қазақ тілді мектептерде екінші сыныптан бастап орыс тілі енгізіледі. Ал ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталады.
Домбыра 6 сыныптан бастап үйретіледі
«Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 1-ші сыныптан бастап енгізілді.
Музыка пәнінің шеңберінде 6-сынып оқушылары өз қалауымен домбыра үйрене алады.
Сонымен қатар, мектеп қабырғасында қосымша факультатив есебінен шахматты дамытуға мүмкіндік беріледі.
Дипломың болса да, тест тапсырасың
Мұғалімдерді мектепке Ұлттық біліктілік тестілеу арқылы жұмысқа алу тәртібі қабылданды. Яғни енді дипломның ғана негізінде емес, қосымша өз пәні бойынша тестілеуден өткендерді ғана мектепке жұмысқа қабылдайды.
Материалдық көмек мөлшері біріздендірілді
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыда тұратын 475 мың оқушы бар.
Заң бойынша оларға жалпы білім беру қорынан киім, мектеп-жазу құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
Биыл осы бағыт бойынша екі жаңа өзгеріс енгізілді.
А). Биыл материалдық көмек ата-ананың есепшотына түседі. Енді ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері таңдап, сатып алады. Бұрын әкімдік сатып алып, тарататын. Салдарынан киімнің өлшемі мен сапасына байланысты сын мен шағым көп түсетін.
Ә). Бұрын бір балаға бөлінетін қаржы өңірдегі бюджет саясатына қарай 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, енді оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден аз болмауы керек. Осылайша 150 мыңға жуық отбасыға бюджеттен мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға ақша бөлініп, көмек көлемі 17 мың теңгеден 37 мың теңгеге дейін өсті.
Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала тегін бір мезгіл тамақпен қамтылады.
«Цифрлық ұстаз», 350 мың бала.
«Қазақстан халқына» қоры есебінен аз қамтылған отбасында тұратын үлгерімі нашар 350 мың бала «Цифрлық ұстаз» жобасы арқылы қосымша білім ала бастайды.
Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды
Алғаш рет мектептерде 7 сыныптан бастап болашақ мамандықты таңдауға бағыттайтын педагог-кәсіптік бағдар беруші маманы енгізіледі.
Бала құқықтары жөніндегі жергілікті өкілдер
Ел өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады. Олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.
Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендердің мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паулидің айтуынша, қазірдің өзінде жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалып үлгерген. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері мен заңгерлер бар.
Енді біліктілікті арттыру бес жылда бір рет емес, үш жылда бір өткізіледі. Ведомство басшысы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл аттестация да үш жылда бір өткізіледі дегенді білдірмейді. Яғни аттестация бұрынғыша бес жылда бір рет ұйымдастыралады. Тек өткізілетін курстардың саны көбейеді.
Жекеменшік балабақша тәрбиешілері де біліктілікті арттыру курсынан өтеді
Бір топқа екі тәрбиешіден
Мектепке дейін білім беру ұйымдарында педагогтердің жалақысын көтеру үшін бір топқа екі тәрбиеші бөлетін қанатқақты жоба қолға алынады.
Ғылым және жоғары білім
Қазіргі уақытта республикада 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылына күтілетін студенттер контингенті – 609,5 мың адам. Оның ішінде 164 300 адам биыл оқуға қабылданады.
Гранттардың 60 пайызы техникалық мамандықтарға
2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс көлемі 88 214 орынға жетіп отыр. Бакалавриатта - 73 061, магистратурада - 13 263, докторантурада - 1 890 орын. Оның ішінде 42 303 грант немесе 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінген.
Шәкіртақы өседі
Жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат деңгейінде стипендия 20% өседі. Яғни, қазіргі 31 423 теңгеден 33 660 теңге артады. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы 50 мың теңгеден 58 800 теңгеге өседі. Ал, магистратура (76 950 теңгеден 86 987 теңгеге) мен докторантура стипендиясы 15% өседі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметі бойынша, шәкіртақылар енді жыл сайын 15-20 пайыз өсіп тұрады. Мысалы, докторанттар осы оқу жылынан бастап 195 мың теңге шәкіртақы алады. Бұл норма шамамен 161 мың білім алушыға қатысты болады
«Қазақстан тарихының» мазмұны өзгереді
«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің орнына «Қазақстан тарихы» пәні енгізілді.
Сондай-ақ, базалық және бейіндеуші пәндер блоктары кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарын басқаруға тарта алады.
Жоғары оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірледі. Олардың саны 262-ге жетті.
Еңбек нарығын жоғары білім деңгейінде тәжірибелі мамандармен қамтамасыз ету және оларды мобильді даярлау үшін қолданбалы бакалавриат енгізіледі. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 8 ЖОО базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады.
Студенттердің білімін бағалау тәсілі өзгереді
Студенттерге баға қою кезінде оның академиялық білімімен бірге әлеуметтік және зерттеу белсенділігін ескеретін пилоттық жоба қолға алынады. Бұл пилоттық режимде 8 жоғары оқу орнының базасында жаңа бағдарламалар іске қосылады.