Жұмысына салғырттық танытқан дәрігерлердің жазасы жеңілдемек

219
Науқасты дұрыс емдемеген дәрігердің жазасы жеңілдеуі мүмкін, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр,

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният заң жобасы шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру (гуманизация) және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормаларды ұсынды.

2018 – 2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 14 123 өтініш келіп түсті. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жыл сайын 300-ге жуық іс, жиі жағдайда өліммен аяқталу қаупі бар хирургиялық бейіндегі мамандарға (акушер-гинекологтар – 14 адам, хирургтар – 14, травматологтар – 8, анестезиологтар-6) іс қозғалады, - деді ведомство басшысы Мәжілістің жалпы отырысында.


Министр құжатта науқасты дұрыс емдемеген дәрігердің жазасын жеңілдетуді көзделетінін жеткізді.

Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда «бас бостандығынан айыруды» жазаның мерзімін қайта қарап, «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру ұсынылады. Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қоғамдастықтың пікірін ескеріп, жазаны ізгілендіруге бірнеше рет әрекет жасаған болатын, - деді Ажар Ғиният.


Сондай-ақ заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қолдауға, оларға құрметті атақтар беруіне бағытталған.

Заң жобасымен қатар 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жалғастырылатынын атап өтеміз. Заң шеңберінде  жыл сайын 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлемді ұсынумен 3 атақ «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемді ұсынумен 17 жеңімпазға республикалық конкурстың «Мамандығы бойынша үздік» мемлекеттік және ведомстволық наградалары ұсынылады, - деді министр.