Елімізде "Алғашқы медициналық көмек" жайлы конференция өтті

1 985
Қазақстанда тұңғыш рет еліміздің төрағалығымен ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі. 



Кездесуге Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге, Еуропалық өңірдің 12 елінен келген тұрақты комитеттің мүшелері, ДДҰ сарапшылары қатысты.

Өңірлік комитеттің тұрақты комитеті (ӨКТК) – өңірлік директорға кеңес беретін, ЕуроДДҰ қызметінің ары қарайғы даму саясаты мен негізгі бағыттарын айқындайтын Еуропа өңірі деңгейіндегі ДДҰ-ның басқарушы органдарының бірі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде Қазақстанда дүниежүзілік ұйымның Еуропа өңірлік комитетінің тұрақты комитетінің отырысы алғаш рет өтіп жатқанын атап өтті.

Бұл комитет еуропалық деңгейде денсаулық сақтаудың маңызды бағыттарын, өзекті мәселелері мен алдағы мақсаттарын талқылайды. Медицина саласындағы әлемдік сарапшылар екі күн бойы біздің елімізде денсаулық сақтау саласын ары қарайғы дамыту жолдарын сөз етеді. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының, денсаулық сақтау саласындағы мамандар мен сарапшылардың біздің елге келуі – үлкен жетістік, - деді министр.

Қазақстан 2020 жылдан бастап Еуропалық өңірлік тұрақты комитеттің мүшесі болып табылады.

Содан бері комитет жұмысына белсенді қатысып келеді. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан - өңірлік комитеттің тұрақты комитетінің төрағасы.

Бұл еліміз үшін үлкен мәртебе болып табылады және Қазақстан мен ДДҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетеді.

Ажар Ғиният биыл Астанада 23 қазанда Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл, Астана декларациясының қабылданғанына бес жыл толуына орай халықаралық конференция өтетінін атап өтті. Конференцияға 100 – ден астам елдің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандар офлайн және онлайн режимінде қатысады.



Бұдан бөлек, 24-26 қазанда Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73 сессиясы өтеді.

Оған жаһандық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін, оның ішінде денсаулық сақтау қызметімен жалпы қамтамасыз ету, төтенше жағдай кезінде қорғау, денсаулық пен әл-ауқат деңгейін арттыру, сондай-ақ, ДДҰ-ның әр елді қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында ДДҰ Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекеттің өкілдері қатысады.

Денсаулық сақтау саласындағы бұл іс – шаралар бүкіл әлемге танылып қана қоймай, саяси жағынан да, Қазақстанның имиджін арттыру жағынан да үлкен жетістік болады, - деді Ажар Ғиният.

Өз кезегінде ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге маңызды іс-шаралардың неліктен Қазақстанда өтетініне тоқталды.

Қазақстан 1978 жылдан бері алғашқы медициналық-санитарлық көмектің отаны саналады. Қазақстанда Мемлекет басшысының, Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен реформалар жүзеге асып жатыр. Бұл ел МСАК саласында көшбасшы саналады. Сондықтан бұл елден көп нәрсе үйренуге болады. Мысалы, Қазақстан медицина және әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың жұмысын МСАК-қа біріктірген алғашқы ел болды. Бұл сапалы қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Ханс Клюге.