Қызылорда облысында жаңа нысан бой көтермек
Биыл Қызылорда облысында медициналық мүмкіндіктер молайып, біршама медициналық нысандардың құрылысы басталмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
2023 жылдың 1 сәуіріне облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 815 103 тұрғын тіркелген. Оларға медициналық көмекті 18 стационарлық, 26 амбулаториялық-емханалық (оның ішінде 14 жеке) медицина ұйымдары көрсетеді.
2023 жылдың 3 айының қорытындысымен аймағымызда 4 777 нәресте дүниеге келді. (республика бойынша 5-ші орынға көтерілдік). Ана мен бала саулығы - ұлт болашағы десек, ана мен бала денсаулығын қорғау, сақтау – біздің басты бағытымыздағы жұмыс. Бұл бағыттағы жұмыстар асқан жауапкершілікпен атқарылуда.
Негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтсек:
2023 жылдың 1 тоқсанында денсаулық сақтау саласының негізгі индикаторларына тоқталар болсақ:
- Жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 1,2-ні құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға төмендеген.
- Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен өткен жылмен салыстырғанда 66,6%-ға төмендеген.
- Қатерлі ісіктерден болатын өлім жітім 2023 жылдың 3 айының қорытындысымен 6,4%-ға төмендеген.
Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі. Ұлт байлығы, халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні ана мен бала денсаулығының мықты болғанымен тікелей байланысты. Қуантарлығы, 2023 жылдың 3 айында ана өлімі жағдайы тіркелген жоқ,
2023 жылдың 3 айында сәби өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда 47% төмендеген. Ана мен бала өлім көрсеткіші - өңіріміздегі денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейінің басты көрсеткіштерінің бірі. Сол себепті өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендеуі – саланың өркендеуі, мамандарымыздың нәтижелі жұмысы деп білеміз. Ана мен бала өмірін сақтау – басты назарда.
Қазіргі таңда медициналық ұйымдарының медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 84 пайызды (Республикалық көрсеткіш - 78,6%) құрайды. Балалар стационарларының жарақтандырылуы орта есеппен – 82 пайызды құрап отыр.
Жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 2023 жылға 1,9 млрд. теңге, сондай-ақ «Әр азаматқа сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Дені сау ұлт» ұлттық жобалары шеңберінде 2023 жылға 1,4 млрд. теңге қаржы қаралса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 813,2 млн теңге бөлініп, өңіріміздегі медициналық ұйымдарды техникамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандырылуын жоғарлататын боламыз.
Бүгінгі күні өңірімізде жүкті, босанушы әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және гинекологиялық науқастарға перинаталдық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым ол облыстық перинаталдық орталығы десек, жыл сайын бұл орталыққа, оның медициналық көмек көрсету сапасына жүктеме артып келеді. Осыған орай, облыстық перинаталдық орталығының жүктемесін азайту мақсатында көпбейінді облыстық ауруханасының жанынан 70 төсектік перинаталдық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы да 200 төсек орынға арналғанымен 360 төсек болып үстемемен жұмыс жасауда. Жыл сайын бұл ауруханаға, оның медициналық персоналдарына жүктеме артуына орай, балалар ауруханасын облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының Астана көшесі, № 1Б мекен-жайда орналасқан ғимаратында құру жоспарланып отыр.
Ал, Астана көшесі, № 1Б мекен-жайында орналасқан облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы мен облыстық жастар денсаулығы орталығы Ә.Бөкейхан көшесінде орналасқан облыстық перинаталдық орталығының босаған ғимаратына көшіріледі.
Сондай-ақ, «Қамқорлық» корпоративті қорымен қаржыландырылатын мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының санын көбейту шеңберінде облысымызда көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасында балаларға арналған оңалту орталығы 2022 жылы қаңтар айында ашылып, жұмыс жасауда. Орталықта бүгінгі күнге дейін 2240 бала ем алды.
Қазіргі таңда, аудан көлемінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығын ашу мақсатында «Арал ауданаралық ауруханаға» қарасты Жеңіс алаңы №9 мекен-жайындағы А.Байтұрсынов ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жоспарлануда.
Қазіргі таңда облыс халқына 2860 дәрігер, 10 721 орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді.
2022 жылы 78 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 22-сі елді мекендерге жолданды.
2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпы тәжірибелік дәрігерлерді даярлауға - 147, тар буынды мамандарды резидентурада даярлауға – 131 2023 жылға 30 облыс әкімінің гранты бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде 2025 жылдан бастап саланы аймақтық дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын қорғау саласы бойынша 2023 жылға біліктілікті арттыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрігерлерге 18 бағыт бойынша (57,6 млн) орта буын қызметкерлеріне 22 бағыт бойынша (26,1 млн) оқыту жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген штаттан тыс бас мамандарымен, оның ішінде гастроэнтерологы және Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханасының эндоуролог дәрігерінің, бүйрек трансплантациясынан кейінгі науқастарды бақылау бойынша Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының доценті, Қазақ ұлттық медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының доценті, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының урология, нефрология және бүйрек трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі және өңірдің штаттан тыс бас нефролог дәрігерінің қатысуымен семинар сабақ өткізіліп, мастер класс жіне науқастарға кеңес жүргізілді. Н.Д.Батпенов атындағы ғылыми орталығының, артроскопия және спорттық жарақат бөлімің маманы жоғары санатты травматолог ортопед күрделі 8 ота жасады.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс республикалық бас ревматолог маманы Мукушева Зәуре Серикпаевна «Балалар жасындағы аутоиммунды патологияны ерте диагностикалау» тақырыбында ЖТД, ревматолог, педиатр мамандарына семинар өткізіліп, 46 науқасқа кеңес берілумен қатар, 4 балаға буынішілік глюкокортикоидттардың енгізілу тәжірибесін көрсетті.
Астана қаласы Ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиохирург дәрігері Мынбаев Марат Талғатұлы облыстағы есепте тұратын туа пайда болған ақаумен туылған балаларға кеңес берілді. 62 бала қаралып, 18 бала отаға жіберілді.
ҚР ДСМ-нің бас неонатальды хирургы Ерекешов Асылжан Абубакирович «Туабітті өт шығару жолдарының даму ақауы», «Туабітті асқазан ішек жолдарының даму ақауы» тақырыптарында мастер класс өткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Тұрғындарға берілетін дәрі-дәрмек қорын да айта кетейін, бүгінде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Жалпы облыс бойынша емдеу мекемелерінен 2023 жылға 3,1 млрд. теңгеге сұраныс беріліп, 300-ден аса препарат түрлерімен және ОСМС бойынша 200-ден аса препарат түрлерімен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар сирек кездесетін ауру түрлеріне жергілікті бюджет қаражат есебінен 500 млн. теңгеге жуық науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2023 жылы «Қазақстан Халқына» қорынан 34 млн. теңгеге 3 науқасты керекті «Цинрайз», «Рисдиплам» препараттармен қамтамасыз ету үшін сұраныс берілді. Алдаға уақытта берілген өтініш бойынша науқастардың препараттармен қамтамасыз етілуі назарда болады.
Денсаулық сақтау саласы үшін халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету - басты басымдық. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны - 9,7 млрд. теңге болатын 27 нысан (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылыстары) құрылысы бастау алды.
Қазіргі таңда құны 6,5 млрд. теңге (РБ - 5,8, ЖБ – 0,6 млн.тг) болатын 15 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданы Каукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданы Н. Ілиясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қаратөбе) құрылысын жүргізуге республикалық бюджет есебінен - 5,7 млрд. теңге бөлінді. Ал, 1 медициналық бекет (Арал ауданы Көктем елді мекені) құрылысына ағымдағы жылдың республикалық бюджетке түзетулер енгізуде 96,4 млн.теңге қаралу жоспарлануда.
Бүгінгі күні, «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана құрылысы басталды. Жобаның құны - 36,4 млрд. теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта, онкологиялық орталығы толыққанды медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бермей отыр (палаталардың тарлығы, ота жасау және жансақтау бөлімшесі, рентген және эндоскопиялық бөлмелері).
Осы орайда, құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін, Басқарма облыс әкімдігінің келісуімен науқастарға жағдай жасау үшін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының модулдік бөлімшесі ғимаратын материалдық-техникалық жабдықтарымен бірге облыстық онкология орталығына беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысының қолдауы мен салаға бөлініп отырған қаржыландыруы - облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысын айрықша ілгерілетуде. Саланың игі істері алдағы уақытта да өңір халқының игілігіне айнала бермек.