Қызылорда облысында жаңа медициналық бекеттер халық игілігіне берілді

1 405

Қызылорда облысы Арал ауданында екі медициналық бекет пайдалануға берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Қазіргі таңда ауданда 3 аурухана, 1 аудандық көп бейінді орталық аурухана, 3 ауылдық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 36 медициналық бекет, 1 фельдшерлік амбулатория жұмыс жасайды. Солардың қатары бүгін тағы екі медициналық нысанға артып, Тастүбек пен Жалғызағым елді мекендерінде жаңа медициналық бекет бой көтеріп, пайдалануға берілді.


Мергенсай ауылдық округіне қарасты Тастүбек елді мекенінде 200-ге жуық тұрғын бар. Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылда бұған дейін медициналық қызмет көрсету орталығы болмаған. Жаңадан бой көтерген бекетке тұрғындар ризашылықтарын білдірді. Нысанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз алып, тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.


«Денсаулық зор байлық деген халқымызда аталы сөз бар. Осынау байлығымызды сақтау жолында жұмыс жасайтын мейіргерлерімізге жаңа нысанда сапалы қызмет көрсетіп, ел игілігіне қызмет жасай беріңіздер деймін. Бүгінгі жаңадан бой көтерген нысан ауыл тұрғындарының дертіне шипа табатын құтты орынға айналуына шын жүректен тілектеспін!» - деп ақжарма тілегін жеткізді.


Мұнан соң, дәл осындай ғимарат Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым ауылында да халық игілігіне берілді. Заман талабына сай жабдықталған мекеменің ашылғанына жергілікті жұртшылық алғаусыз алғысын айтып, іргелі істерге ұйытқы болып жүрген ел азаматтарына ізгі лебіздерін білдірді. Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары жиналған қауымды бүгінгі қуанышпен құттықтап, медициналық бекеттің лентасын қиды.


Айта кетейік, бүгінде айдынды өлкеде денсаулық саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биылғы жылы Бөген, Қызылжар ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның және Көктем елдімекенінде медициналық бекет құрылысы басталатын болса, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы қайта жандануда.