Перзентханада босанған әйел үшінші қабаттың терезесінен секіріп кетті

1 367

Қаскелеңдегі перзентхананың үшінші қабатынан босанған әйел секіріп кетті. Бұл ақпаратты заңгер, қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева жариялады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Әйел Қарасай орталық аудандық ауруханасының перзентханасына төрт күн бұрын түскен.

"Үшінші қабаттан құлады. Ол кісі бізге төрт күн бұрын түскен. Үш жүктілік болған, үшеуі де сәтсіз болған. Бірінші баласын ішінде жоғалтқан. Екінші баласын экомен көтерген. Ол баласы 26 аптасында тағы солай келді. Жоспарлы түрде отаға алынды. Үш баласын да жоғалту оңай емес қой. Босанудан кейінгі күйзеліске түсті ме? Қасында дәрісін беріп, медбике тұрған. Медбикені итеріп жіберіп, өзі секіріп түскен. Бала ішінде қайтыс болған. УЗИ-да анықтаған, қозғалмай қалған екен, баланың жүрегі тоқтаған, солай перзентханаға түскен. Кесарь тілігі жасалғаннан кейін үшінші күні секірген", - деді перзентхана өкілі.


Перзентхана меңгерушісі Ғани Қалдыбаев босанған әйелдің жанында медицина қызметкері болғанын, әйел қазір жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді.


"Қасында жансақтау бөлімінің қызметкерлері болды. Медициналық қызметкерді күшпен итеріп жіберіп, өзі секіріп кеткен. Бізге іштен шетінеп кеткен сәбиімен түсті. Қазір әйелдің жағдайы бірқалыпты. Кеше нейрохирург, травматолог қарап, көмегін көрсетті. Басына зақым келмеген, қолында жарақаттар бар", - деді Ғани Қалдыбаев.


Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.