Қазақстанда алғаш рет созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне қатысты апталық өтуде
Елімізде 1-7 мамыр аралығында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне қатысты апталық басталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мұндай іс-шара республикада алғаш ұйымдастырылып отыр, оған сырқаттар санының артуы себеп. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді аурухана кардиологиялық орталығының созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дерті бойынша үйлестіруші, кардиолог Елена Донова әңгімелеп берді.
- Елена Ивановна, алдымен созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруы туралы айтып берсеңіз, ол қалай пайда болады?
- Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – кең тараған, үдемелі және көбіне емделмейтін дерт. Бұл диагноз қойылған кезде әдетте бойды үрей билейді. Алайда дәрігердің кеңесін қалтқысыз орындау, кей әдеттерден бас тарту сіздің хал-жағдайыңызды жақсартып, өмір жасыңызды ұзартуы мүмкін.
«Жеткіліксіздік» термині жүрек жақын арада жұмысын тоқтатады дегенді білдірмейді. Бұл жүректің дене қажеттіліктерін толығымен өтей алмайтындығын көрсетеді.
Жүрек жеткіліксіздігі - бұл ауыр дерт, жүрек өз қызметін дұрыс атқара алмайды. Яғни қан ағзалар мен тіндерге қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет мөлшерде оттегі мен қоректік заттарды жеткізбейді. Бұл, мысалы, бұлшықет әлсіздігіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, метаболизм өнімдері толық жойылмайды, бұл өкпеде, іште және аяқ-қолдарда сұйықтықтың жиналуына әкеледі.
Егер жүрек дұрыс жиырылмаса, ол қарыншалардан жеткілікті мөлшерде қан шығара алмайды. Егер жүрек қаннан толығымен босатылып, босаңси алмаса, келесі жолы оған аз мөлшерде қан түседі. Тиісінше, жеткіліксіз көлемде шығарылады.
Жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және гипертония асқынған жағдайда жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Аурудың дамуына тағы да - жүректің қан тамырларындағы қалыптан тыс қысым, коронарлық артерия, жүрек және жүрек бұлшықеттерінің клапандары және аритмия аурулары және туа біткен жүрек ақаулары жатады.
Жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда басқа да ауыр аурулар жиі кездеседі. Олар: қант диабеті, өкпе ауруы, созылмалы бүйрек ауруы, қан аздық, темір тапшылығы, калий деңгейінің жоғарылауы, кардиомиопатия – инфекцияның, алкогольді немесе есірткіні тұтынудың шамадан артық салдарынан жүрек бұлшық етінің зақымдануы, қалқанша безінің бұзылуы, семіздік, анорексия, депрессия және мазасыздық.
- Қай жастан бастап бұл ауруға шалдығу қаупі артады?
- Жүрек жеткіліксіздігі кез-келген жаста дамуы мүмкін, бірақ көбінесе егде жастағы адамдарда байқалады. 65 жасқа дейін адамдардың шамамен 1% жүрек жеткіліксіздігімен ауырады, 75-84 жаста бұл көрсеткіш 7%, ал 85 жастан асқан адамдар арасында 15% құрайды. Жүрек жеткіліксіздігі - 65 жастан асқан науқастарды ауруханаға жатқызудың ең көп тараған себебі.
Ерте кезеңдерде ауру асимптоматикалық болуы мүмкін, бірақ ол дами келе адамның мазасын алады.
- Ерте кезеңде дерттің белгілері байқалмайды дедіңіз, дегенмен, қандай жағдайда бірден дәрігерге қаралған абзал?
- Басты белгілерінің бірі – демікпе, жөтел және ысқырғандай дем алу. Сондай-ақ салмақ өсіп, жіліншік маңы, аяқ немесе іш ісінсе, тез шаршап, бас айналса, жүрек қатты соқса, тәбет болмай, түнде жиі дәретханаға барса – мұның бәрі дәрігерге көрінуге себеп.
Әр науқастың жүрек жеткіліксіздігінің өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан белгілері де өзіне тән болады. Осы себепті дәрігер сіздің жүрек жеткіліксіздігіңізді сипаттайтын әртүрлі терминдерді қолдануы мүмкін. Жүрек жеткіліксіздігінің түрі мен себебін анықтау өте маңызды, өйткені соған қарай ем қолданылады. Дәл диагноз қою симптомдардың ұқсастығына байланысты қиын болуы мүмкін. Мысалы, жүрек жеткіліксіздігінің барлық түрлері ентігуді, шаршауды және өкпеде және басқа органдарда: бауырда, ішекте, бүйректе және аяқта сұйықтықтың жиналуын тудырады.
Жедел жүрек жеткіліксіздігі тез дамиды және бірден ауыр белгілері болады. Жедел жүрек жеткіліксіздігі жүректің кез-келген аймағына зақым келтірген инфаркт нәтижесінде немесе ағзаның созылмалы жеткіліксіздікті өтей алмауына жауап ретінде пайда болады. Жедел жүрек жеткіліксіздігі бастапқы кезеңде ауыр өтуі мүмкін, бірақ ол қысқа мерзімді және шұғыл емдеу және дәрі-дәрмектерді инъекциялық енгізу нәтижесінде сырқаттың жағдайы жақсарады.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі жиі кездеседі, оның белгілері баяу білініп, дерттің ауырлығы біртіндеп артады.
- Жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған жағдайда күнделікті өмір салтын өзгертуге тура келеді ғой?
- Жүрек жеткіліксіздігі – қауіпті ауру. Бірақ, дәрігердің ұсынымын ескеріп, кей әдеттерден бас тарта отыра, хал-жағдайды жақсартуға, тіпті белсенді өмір салтын ұстануға да болады. Мәселен ең қарапайым – күнделікті жаяу серуен, тағамдағы тұздың мөлшерін қадағалау сияқты әдеттер аурудың әрі қарай дамымауына, емдік шаралардың тиімді болуына оң әсер етеді.
Сырқат темекі шегу және алкогольді тұтынудан бас тартқаны жөн. Жүрек жеткіліксіздігін емдеуде өмір салтын өзгерту медициналық процедуралардан кем емес. Қарапайым тілмен айтқанда, күнделікті әдеттерін сәйкесінше өзгерте алған пациенттердің өмір сүру сапасы және ұзақтығы бұл кеңесті елемеген адамдарға қарағанда әлдеқайда жоғары.
Қолдау тобына баруға кеңес беремін. Оған жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдар кіреді, олар бір-бірімен өз тәжірибелерімен бөлісе алады. Көбінесе бұл топтарда тамақтану және дене жаттығуы сияқты жүрек жеткіліксіздігін емдеу бойынша түрлі дәрістер мен тақырыптық кездесулер өткізіледі.
Қолдау тобына баратын адамдар күйзеліске ұрынбайды, мұндай мәселеде жалғыз емес екенін түсіну арқылы жұбанады. Топта көбінесе имплантацияланған құрылғыларды киетін немесе тіпті жүрек трансплантациясы бар адамдармен кездесуге мүмкіндік бар. Қолдау тобы пайдалы ақпарат көзі бола алады. Әдетте, мұндай топ туралы ақпаратты медбике немесе дәрігерден білуге болады.
- Дертті асқындырмас үшін қандай алдын алу шараларын қолданған жөн?
- Аурудың белгілерін бақылау қажет. Артериалдық қысымның деңгейінің қалыпты болуын қадағалаған жөн. Ағзада сұйықтық жиналуын бақылау үшін салмақты үнемі тексеріп тұру қажет. Артық салмақты тастаңыз.
Күнделікті тұтынатын судың мөлшерін, әжетханаға бару жиілігін қадағалау керек. Қантамырда сұйықтық көп болған сайын ағзаны қанмен қамтамасыз ету үшін жүректің соғуы қиындайды. Сұйықтық ішуді күніне екі литрге дейін азайту жүректің жұмысын жеңілдетуге және жүрек жеткіліксіздігінің кейбір белгілерінің алдын алуға көмектеседі.
Тұзды тұтынуды шектеңіз. Нәтижесінде ағзада сұйықтық азырақ жиналады, ісіну азаяды, тыныс алу жеңілдейді.
- СҚО-да созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын сырқаттар көп пе? Апталыққа байланысты қандай іс-шаралар өтпек?
- Өңір жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша республика бойынша алдыңғы орындарда келеді. Қазір диспансерлік есепте 68,5 мыңнан астам адам тұр, соның 4 409-ына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған.
Биыл елімізде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дертіне орай алғаш рет апталық өтіп жатқаны белгілі. Осыған орай облыстық кардиологиялық орталықта және емханаларда 2-5 мамыр аралығында ашық есік күні өтеді. Кардиологтар саған 10.00-ден сағат 14.00-ге дейін қабылдау жүргізеді.
Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар сырқаттармен кездесулер өтеді, оларға дерт жайында, асқынудың алдын алу туралы айтамыз, кітапшалар таратамыз.