Қазақстанда 655 денсаулық сақтау нысаны салынбақ

2 124

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы үш жылда елімізде 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру басталды. Бекітілген ұлттық жобаға сәйкес, 2023-2025 жылдары 655 денсаулық сақтау объектісін салу және 32 ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыруға 2024 жылға арналған бюджет жобасында құжаттаманың әзірлігін ескере отырып, 35,1 млрд теңге қарастырылған», - деді А. Бейсенбекұлы.


Оның айтуынша, халық санының ұлғаюын ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында шығыстар 2,2 трлн теңгені құрады.


Бұдан бөлек вице-министр 2024 жылы республикалық бюджеттің спорт, туризм және мәдениет салаларын дамытуға арналған шығыстары 298 млрд теңге көлемінде жоспарланғанын айтты. Оның ішінде жоғары жетістіктерге негізделген спортты дамытуға, мәдениет және архив ісі ұйымдарының жұмыстарын қамтамасыз етуге, мәдениет, өнер әрі спорт салаларында дарынды балаларды оқытуға және тәрбиелеуге, туризм мен туристік қызметті дамытуға, сондай-ақ Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткізуге бағытталған.