Ультрадыбыстық зерттеу аппараттары қазақ тіліндегі бағдарламамен жасақталмақ

1 144

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын өндіру жобасы бойынша бас директор Yong Kwan Kim мырза бастаған Samsung Medison (Корея Республикасы) компаниясының өкілдерімен екіжақты кездесу өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі ҚР ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Самсунг Meдисон Ко. ЛТД – «Самсунг Электроникс Ко., Лтд» (Samsung Electronics Co., Ltd) еншілес компаниясы - Оңтүстік Кореядағы ультрадыбыстық медициналық диагностикалық жабдықтың өндірушісі болып табылады.


Ультрадыбыстық аппараттарды өндіру жөніндегі жоба «Ordamed» АҚ жергілікті өндірушісінің алаңында іске қосылды, онда Samsung Medison компаниясы акушерлік және гинекологияда ұрықтың өсуін, жай-күйін және әйелдердің денсаулығын зерттеу үшін пайдаланылатын және диагностиканың тиімділігін арттыруға көмектесетін бірегей инновациялық технологиялар трансфертін енгізді. Жоба бірегей және диагностикаланатын жүйелердің бағдарламалық жасақтамасы мемлекеттік тілде жасалғандығымен ерекшеленеді.


Ажар Ғиният өзінің құттықтау сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дені сау ұлт, ауылдық денсаулық сақтау, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту және басқа да стратегиялық құжаттар бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.


«Медициналық техниканың ірі халықаралық өндірушілерін тарту шеңберінде Министрлік медициналық техникамен жарақтандыру жөніндегі 5 жылға арналған Кешенді жоспардың жобасын әзірледі», - деп атап өтті Министр.


Кеңестің барысында Ordamed компаниясы таяудағы екі жылдың ішінде медициналық жабдықтардың 70-тен астам түрін өндіруді бастау жоспарланғанын хабарлады. Бүгінгі таңда өндірілетін өнім желісін кеңейту үшін (акушерлік, гинекология, ультрадыбыстық диагностика, хирургия) Samsung Medison, JW Medical және Genoray сияқты ірі кореялық компаниялармен медициналық техника өндірісін орналастыруға шарттар жасалды.


Алматы қаласында медициналық жабдықтар өндіретін зауыт салу көзделген, құрылыстың бірінші кезеңінде инвестициялар 1,3 млрд. теңгеден асады және 50-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады. Зауыт жобалық қуатқа шыққан кезде жұмыс орындарының саны 150-ден астам болуы мүмкін.


«Өткен KIHE Қазақстандық халықаралық көрмесінде 2023 жылғы 15 мамырда Алматы қаласында бағдарламалық жасақтамаға қазақ тілін енгізе отырып, алғашқы ультрадыбыстық диагностика аппараты таныстырылды», - деді Ordamed компаниясының өкілі.


Екі жақты кездесудің қорытындысы бойынша Ажар Ғиният әріптестеріне жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, жобаның бірегейлігі және одан әрі бірлескен іс-шараларда ынтымақтастық қажеттілігі туралы атап өтті.