Медициналық компания мерзімі өткен тест сынамаларын сатты деген күдікке ілінді

2 524

Фото: freepik.comАстанада медициналық компаниялардың бірі мерзімі өткен диагностикалық тест сынамаларын сатып келген деген күдікке ілініп отыр. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі тексеріс бастады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.


Министрлік өкілдерінің мәліметінше, Астанадағы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне "Прайм медикал" компаниясының бұрынғы қызметкері шағымданған. Ол департаментке бірыңғай дистрибьюторлік компанияда мерзімі өткен тест сынамалары қолданылатынын хабарлады.


Департамент прокуратура органдарына жоспардан тыс тексеру ұйымдастыру туралы арыз жіберген. Мамандардың айтуынша, ақпарат расталса, компания әкімшілік жауапқа тартылады, кінәлілерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. 


Айта кетейік, астаналық компания шетелден диагностикалық тест сынамаларын әкеліп, еліміздегі мемлекеттік және жеке меншік емханаларға сатумен айналысады. Бірақ компания өкілдері өздеріне қатысты ақпараттың жалған екенін айтты және бұрынғы қызметкерге қатысты құқық қорғау органдарына шағым жазылғанын мәлімдеді.


Ал денсаулық сақтау министрлігі комитет басқармасының басшысы дәлел табылса, компания жауапқа тартылатынын айтты. 


“Қазір тексеру жүріп жатыр. Егер нәтижесі күмәнді растаса әкімшілік шаралар қабылданады және медициналық бұйымдарды айналымнан шығару немесе оған тыйым салу туралы шешім қарастырылады”, – деді Ерік Құлшанов.