ҚАЗАҚСТАНДА АНА ҚҰРСАҒЫНДАҒЫ ҰРЫҚҚА ОПЕРАЦИЯ ЖҮРГІЗІЛЕ БАСТАДЫ
Феталдық (құрсақішілік) операциялар перинаталдық нәтижелерді жақсартуға және балалардағы мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстандық дәрігерлер алғаш рет ұрықтың патологиясы мен даму ақауларын түзету арқылы ұрыққа операция жасай бастады.
Ұрыққа операциялар болашақ баланың денсаулығы мен өмірін жақсартатын жағдайларда жасалады.
Қазақстан үшін феталдық хирургия - медицинаның жаңа бағыты. Жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен іске асыруда.
Медицина қызметкері күні қарсаңында Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарының қатысуымен Қазақстандағы алғашқы құрсақішілік патологияны түзету бойынша практикалық мастер-класс өтті.
Қазақстанда феталдық хирургияны іске қосуға дайындықты Денсаулық сақтау министрлігі екі жыл бойы жүргізді. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының (Алматы) және UMC (Астана) дәрігерлерінің бригадалары Қазақстанда және шетелде теориялық және практикалық даярлықтан өтті.
Феталдық медицина (ұрық хирургиясы) – бұл ананың құрсағындағы ұрық пациент болып табылатын жоғары мамандандырылған медицина саласы. Ұрық хирургиясы аз инвазивті ем-шаралар арқылы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға негізделген.
Қазіргі уақытта аз инвазивті эндоскопиялық (фетоскопиялық) операциялар ашық хирургияны алмастыруда, өйткені олар ана мен ұрықтың организмі үшін қауіпсіз болып табылады. Әлемнің көптеген елдерінде жыл сайын құрсақішілік түзетуге жататын ұрық ауруларының спектрі кеңейіп келеді, жаңа технологиялар әзірленуде және жетілдірілуде, туа біткен жүрек ақаулары, диафрагма жарықтары және ОНЖ үшін құрсақішілік араласулар белсенді енгізілуде және бүгінгі күні олар үлкен жетістіктерге жетті.