Елімізде кімдер донор бола алады?

429
Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров елімізде кімдер донор бола алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Әлемде донорлық қан мен оның компоненттерінің аналогы мен алмастырғыштары жоқ, сондықтан донорлық қан мен оның компоненттерінің көзі адам. Бүгінде дүниежүзінде қан донорлығы мен оның компоненттерін дамытудың бірыңғай стандарты қабылданған – бұл қан мен оның компоненттерінің өтеусіз донорлығын дамыту, - дейді Алматы қалалық қан орталығының директоры Жандос Нәдіров.

Айтуынша, донорлық бірнеше түрге бөлінеді. Қазақстанда оның мынандай түрлері бар: 450 мл көлемінде толық қан тапсыру. Аппараттық әдіспен 400-600 мл көлемінде қан плазмасын тапсыру.

Донорлықтың түрі мен мөлшерін қан орталығының дәрігері донордың өтініші бойынша емес, ауруханалардың қажеттіліктерін, қан банкінің жағдайын және донордың физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып анықтайды.

Статистикаға сәйкес ең сұранысқа ие, қажет боп жататын қан топтары - оң резус факторлы бірінші және екінші қан топтары. Ең сирек кездесетін қан түрлері – теріс резус факторлық барлық қан топтары.


2020-2021 жылдардағы пандемия кезеңінде медициналық ұйымдарда жоспарлы медициналық көмек көрсетуден бас тартуға және оларды COVID-стационарларға қайта бейіндеуге байланысты донорлық 10%-ға төмендеді. 2022 жылы жағдай керісінше өзгерді, қан компоненттерін тұтынудың 10%-ға артуы байқалады, соған байланысты донорлықтың да дәл осындай 10%-ға артуы байқалды, - деді Жандос Нәдіров.


Алматы қалалық қан орталығының 2021 жылғы статистикалық деректері бойынша қан және оның компоненттерін тапсыру саны 16 961 болса, 2022 жылы донорлар саны 18 516-ға жеткен. Пайыздық көрсеткіште 8-9 пайызға өскен.

Қан орталығының директоры елімізде донорларға қойылатын талапарға да тоқталды.

18 жасқа толған және донорлыққа қатысуға өтініш берген кезде физикалық денсаулығы мықты, ауыр созылмалы аурулары жоқ кез келген азамат донор бола алады. Бірақ соған қарамастан, егер адам дайындықсыз келсе, мысалы, жеке басын куәландыратын құжаттары болмаса, ол адам қайырымдылыққа қатысудан шеттетілуі мүмкін. Оған қатысу үшін көп дайындықтың қажеті жоқ,- деді ол.

Сондай-ақ қойылатын талаптардың қатарында: дене салмағы 50 кг-нан басталуы керектігі бар. Қыздар мен әйелдер үшін циклі аяқталғаннан кейін кем дегенде 5 күн өтуі керек. Жүктілік уақытша медициналық босату болып табылады, бала емізушілер де 1 жылға дейін қан өткізе алмайды.

Түнгі ауысымда жұмыс істеген адам да жеткілікті ұйықтамайынша, уақытша босатылады. Дәрі-дәрмектерді қабылдаған кезде, қабылданған дәріге байланысты медициналық тоқтату 3 күннен 14 күнге дейін тағайындалады. Алкогольді қабылдағаннан кейін 72 сағат бойы қан тапсыруға тыйым салынады, - деп атап өтті қан орталығының директоры.


Сонымен қатар, ол татуаж, пирсинг, татуировка салдырған адамдар 6 айға дейін қан өткізуден уақытша босатылатынын тілге тиек етті.

Өмір бойы донор бола алмауға абсолютті қарсы көрсеткіштерге мыналар жатады: АИТВ-инфекциясы, В және С вирустық гепатиттері, паразитарлық аурулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез, гормоналды аурулар, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік аурулары, органдарын алып тастау, мүгедектік және тағы басқалары,- деп қортындылады спикер.