Қызылордадағы балалар ауруханасында шу шықты
Қызылорда облыстық балалар ауруханасында шұғыл көмекке жүгінген ата-аналардан «жұқпалы ауру жұқса – өз жауапкершілігімде» деген мазмұндағы қолхат жаздыру талап етілуде. Бұл жағдай әлеуметтік желіде үлкен пікірталас туғызды, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Баласын жедел жәрдем арқылы жеткізген Айсара есімді тұрғын дәрігерлер стационарлық емге қабылдамас бұрын осындай құжатқа қол қоюға мәжбүрлегенін айтады.
Ананың айтуынша, қолхатта ата-аналар жұқпалы инфекция жұқтырған жағдайда, аурухана мен дәрігерлерге ешқандай кінә артпайтынын, барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын растайтыны жазылған.
Қызылорда облыстық балалар ауруханасының әкімшілігі бұл жағдайды жоққа шығарған жоқ.
Заңгерлердің пікірінше, азаматтарды еркінен тыс мәлімдеме жазуға мәжбүрлеу – заң бұзушылық. Мұндай жағдайда ата-аналар Денсаулық сақтау басқармасына немесе прокуратураға шағымдана алатынын ескертуде.
Қызылорда облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауруханада қызылшаға күдікті 11, серозды менингит пен скарлатинаға күдікті 2 жағдай тіркелгенін растады. Қазіргі таңда тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.
Осы тұста көкейде жауабын қажет ететін сауалдар туындайды:
– Жаңартудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы неге толыққанды қабылдамайды?
– Егер ресми түрде карантин енгізілмесе, балалар ауруханасы «шектеу шараларын» заңды негізсіз неге қолдануда?
Бұл оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызуда. Бала денсаулығы – мемлекет үшін басты құндылық болғанымен, жауапкершілікті ата-ананың мойнына артып қою қаншалықты дұрыс?