Аймақтардағы медицина мамандарына қолдау күшейтілуде
Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту аясында дәрігерлер тапшылығын азайту және ауылдық аймақтарды білікті медицина мамандарымен қамтамасыз ету басты назарда,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпараттық агенттігі.
2025 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындарын 10 000 түлек тәмамдады, олардың 34%-ы ауылдық медициналық ұйымдарға жолданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары көрсеткіш. Аймақтық қажеттіліктерді ескере отырып, биыл 5000 астам білім гранты бөлінді.
2024 жылдың қазанынан бастап ауылдарда 16 тапшы мамандық бойынша жұмыс істеп жүрген 254 дәрігерге 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем берілді. Ал 2025 жылы 105 маманға осыған ұқсас қолдау көрсетілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ел бойынша:
дәрігер тапшылығы 19%-ға,
орта медициналық қызметкерлер тапшылығы 13%-ға,
ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы 17%-ға қысқарды.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап интернатурада алты негізгі бағыт бойынша 14 мамандықта резидентура бағдарламалары іске қосылды.
Медицина мамандарын даярлау сапасын арттыру мақсатында:
жалпы білім беру пәндерінің көлемі қысқартылып,
базалық пәндерге бөлінетін оқу жүктемесі 10 кредитке ұлғайтылды,
оқу бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуде.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қарағанды медициналық университеті мен Қазан федералдық университеті арасында қос диплом бағдарламасы іске қосылып, 70 студент оқуға қабылданды. Сонымен қатар, Пәкістан медициналық университетінің Қазақстандағы филиалын ашу мәселесі қарастырылып жатыр.
Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:
Қылмыстық кодекске денсаулық сақтау қызметкерлеріне қол көтеру бойынша жеке бап енгізу ұсынылды;
152 медициналық мекемеде полиция бекеттері орнатылды;
Мемлекеттік ұйымдардың 98%-ы және жекеменшік мекемелердің 76%-ы кәсіби жауапкершілікті сақтандыру келісімдерін жасасты (жалпы сомасы 3,1 млрд теңге).







