Денсаулық сақтау министрлігі кей дәрілердің арзандағанын айтты

1 531

Фото: izusek /  istockphotoҚазақстан Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын есептеу жүйесін жаңартып жатыр. Нәтижесінде биыл қазан айында халық арасында сұранысқа ие препараттардың бағасы орта есеппен 11%-ға арзандаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, енді дәрі-дәрмек бағасына маркетинг пен көлік шығындары кірмейді. Сонымен қатар генерик дәрілердің (түпнұсқаның баламасы) шекті бағасы түпнұсқа препараттардан 30%-ға төмендетілді.

Баға саясатын нақтылау үшін «референттік елдер» тізімі жаңартылып, 100-ден астам елдің деректерін қамтитын халықаралық базаға қол жеткізілді.

«Жаңа баға қалыптастыру механизмі негізінде тегін медициналық көмек пен МӘМС аясындағы 2 900 дәрі атауы, сондай-ақ бөлшек және көтерме саудадағы 4 900 атау бойынша бағалар қайта қаралды. Биыл Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу нәтижесінде 70,5 млрд теңге үнемделді. Бұл қаржы қосымша дәрі-дәрмек алуға бағытталды», — деді Тимур Мұратов Үкімет отырысында.

Бағаның ең көп төмендеуі жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған дәрілерде (Валмак-Н), антибиотиктерде (Цефяпс, Зитмак, Левофлоксацин-Тева) және қабынуға қарсы препараттарда (Ревмоксикам) байқалды.

Сонымен қатар министрлік «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп Naqty Onim (Нақты Өнім) мобильді қосымшасын іске қосқан.

«Енді азаматтар дәрі-дәрмектің шекті бөлшек бағасын осы қосымша арқылы көре алады. Егер сату кезінде ереже бұзылса, қолданушылар тікелей министрлікке шағым жібере алады», — деді Мұратов.

Жаңа жүйе дәрі-дәрмек нарығындағы ашықтықты арттырып, бағаларды бақылауды жеңілдетуге бағытталған.