Шығыс Қазақстан ВИЧ жұқтырғандар көрсеткіші бойынша елде көш бастап тұр
Бірнеше жыл қатарынан Шығыс Қазақстан облысы адамның иммун тапшылығы вирусымен (ВИЧ) ауырғандар саны бойынша елде бірінші орында қалып отыр. Қазіргі уақытта өңірде осы диагнозбен 3 мыңнан астам адам есепте тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова хабарлады.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы науқастардың 92 пайызы антиретровирустық терапия қабылдап жүр. Бұл емдеу тәсілі ауруды бақылауда ұстап, оның өмір сапасын сақтауға және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік береді.
Орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Наталья Оралбаеваның айтуынша, соңғы жылдары аналардан нәрестелерге инфекцияның берілу жағдайлары тіркелмеген.
Мамандар бұл көрсеткішті антивирустық терапияның тиімді жүргізілуімен және профилактикалық шаралардың күшеюімен байланыстырады.







