400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрлері өндірілмек
Үкімет Қазақстанда 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек өндіру туралы келісімді мақұлдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова азаматтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған.
Оның айтуынша, ұзақ мерзімді демографиялық болжамдары мен еліміздің 10-15 жыл ішіндегі дәрілік заттарға қажеттілігін ескере отырып, инвестициялар тарту тетіктерін жетілдіру бойынша инвесторлармен бірлесіп жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде жаңа құрал – салықтық және кедендік жеңілдіктерді, инфрақұрылымдық қолдауды ғана емес, сонымен қатар өнімді өткізудің ұзақ мерзімді кепілдіктерін көздейтін инвестициялар туралы келісімдер енгізген.
Бүгінде Үкімет отырысында жалпы құны $620 млн немесе 316 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба мақұлданған.
Соңғы екі жылда фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі екі есеге – $47 млн-нан $87 млн-ға дейін артқаны атап өтілген. Жаңа жобалар шеңберінде 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Жалпы, фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде одан әрі жұмыс жүргізіледі. Елімізде фармацевтика саласы үшін мамандар даярлаудың толық жүйесі жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік қолдау, дуальды білім беруді дамытуға баса назар аударылады.







