Вакцинадан бас тартқан отбасының жаңа туған сәбиін перзентханадан шығармай отыр
Атырауда бесінші баласын дүниеге әкелген әйел сәбиімен бірге перзентханадан шыға алмай отыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайыққа” сілтеме жасап.
Отбасының айтуынша, бұған жаңа туған нәрестеге БЦЖ екпесін салдырудан бас тартуы себеп болған.
Босанған әйелдің әпкесі отбасы атынан басылымға хабарласып, дені сау сәбиді тек вакцинадан бас тартқаны үшін перзентханада ұстау заңды ма деген сұрақ қойған. Оның сөзінше, отбасы бұған дейін де балаларына вакцина салдырудан ресми түрде бас тартқан.
Мәселеге қатысты Атырау қалалық перзентханасы түсініктеме берген.
Мекеме мәліметінше, егер жаңа туған нәрестеге БЦЖ вакцинасы салынбаса, перзентханадан шығару үшін ата-анасының және сәбимен бірге тұратын барлық адамның туберкулезге тексерілгені туралы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымынан анықтама қажет.
Бұл талап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-214/2020 бұйрығымен бекітілген туберкулездің алдын алу шараларын жүргізу қағидаларында көрсетілген.
Құжаттың 12-тармағына сәйкес, БЦЖ вакцинасы салынбаған жаңа туған нәрестелер ата-анасы мен бірге тұратын барлық адамның туберкулезге тексерілгені туралы анықтама болған жағдайда ғана перзентханадан шығарылады. Яғни перзентхана өкілдері бұл талаптың вакцинадан бас тартқаны үшін емес, сәбидің кейінгі қауіпсіздігіне қатысты санитариялық тәртіпке байланысты екенін түсіндірді.
Қаз
Рус






