"Пандемия әлі аяқталмады": Министр коронавирустың жаңа толқыны жайлы айтты

220
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы сенат кулуарында Қытайда аурудың көбеюін ескере отырып, жазда коронавирустың жаңа толқынының пайда болу ықтималдығы туралы айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Бұл мәселені журналистер көтерді. Олар соңғы уақытта Қытайда аурудың өршіп жатқанын айтты. Осыған дейін Бейжіңде шамамен 20 млн адамның COVID-19-ға тесттен өтетіні белгілі болған еді. Соған байланысты журналистерді Қазақстанда коронавирустың жаңа толқыны пайда болуы мүмкін бе деген сауал қызықтырды. Ал Ажар Ғиният бұл коронавирустың жаңа штамдарының шығуына байланысты екенін айтты.

"Бұл жаңа мутацияның, коронавирус инфекциясының жаңа штамының пайда болуына байланысты. Қазіргі уақытта Қытайда "омикрон", "стелс-омикрон" өршіп жатыр. Тәулігіне 30 мың адам ауырады. Елде қатаң (карантиндік) шаралар қабылданып жатыр. Егер коронавирус инфекциясының жаңа түрі пайда болса, ол аурудың өршуіне алып келуі мүмкін. Болмаса біздің халықтың ұжымдық иммунитеті әсер етіп, жай суық тию сияқты өтіп кетуі мүмкін", - деді ол.

Министр Қазақстан билігі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отырғанын да атап өтті.

"Біз жағдайды бақылап отырмыз. Ай сайын ПТР-тестінің оң нәтижелерінен "омикронды", оның ішінде Қытайда тіркелген түрлерін қараймыз. Диагностика бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы толықтай мониторинг жүргізіп жатыр. ДДСҰ басшысы жағдайды бақылауда ұстайтынын айтып отыр. Пандемия әлі аяқталған жоқ",- деді министр.

Артынша мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясы қалай дамитынын нақты айта алмайтынын жеткізді.

 "Екі сценарий бар. Вирус мутацияға ұшырайды деген сценарий. Біз оны көріп отырмыз, ол мутацияға ұшырауды жалғастырып жатыр. Ал "омикрон" мен оның алуан түрлілігі жайлы айтатын болсақ, оның патогендігі төмендеп жатыр, бұл жақсы белгі. Бірақ вирустың мутацияға ұшырауды жалғастыруы жақсы емес, себебі бұл вируспен күрес аяқталды деп айтуға мүмкіндік бермейді", - деді ол.