Еліміздің дәрігерлері біліктілігін арттыра алмай жүр

229

Елде 36 мыңнан астам дәрігер біліктілігін арттыра алмай жүр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Науқас өмірін аманаттаған ақ халаттылардың біліктілігін арттыра алмай жүргеніне осымен аттай екі жыл болды. Былтыр мемлекеттік сатып алу порталында байқау ашылған. Бірақ жыл аяғында. Есеп тапсырып үлгермейтін болғандықтан, қазына қазаны жабулы күйінде қалып, бөлінген ақша игерілмепті. 

«Біздің қоғамдық бірлестікке біліктілігін арттыра алмай жүрген медицина мамандары көмек сұрап, хабарласып жатыр. Бұл мәселеге бей жай қарауымыз қажет. Олар үнемі өздерін жетілдіріп отыруы қажет. Бұл бір орында тұрмайтын сала. Азаматтарымыздың өміріне қатысты мәселе болғандықтан, бұл проблеманы министрлік өз деңгейінде шешуі тиіс. Біздегі жоғары оқу орындары дайындалып үлгеруі үшін, байқауды ертерек жыл басында жариялауы қажет. Әзірге министрлік тарапы үнсіз», - дейді «Медициналық ұйымдардың Қазақстандық альянсы» РҚБ басқарма басшысының орынбасары Алмагүл Қауышева. 

36 мыңнан астам медицина маманы арнайы сертифакатсыз жұмыс істеп, заңбұзушылыққа жол бергенін Есеп комитеті анықтаған. Өз беттерімен жеке курстарға барғандардың да талапқа сай емес сертификат алғанын да ашық айтты. Сарапшы Әйгерім Қожахметова мұндай білімді жетілдіру курстарын жекеменшік ұйымдардың жүргізуі қолданыстағы кодексті өрескел бұзады деген пікірде. 
2020 жылдың 7 шілдесінде қабылданған Кодекс бар. Сол кодекске байланысты жалпы дәрігерлердің біліктілігін арттыру курстары аккредитациядан өткен, лицензиясы бар универститеттерде жүзеге асырылуы керек. Бірақ, соған қарамастан әлі күнге дейін лицензиясы жоқ, аккдредитациясы жоқ ұйымдарда оқу жүріп жатыр», - дейді сарапшы Әйгерім Қожахметова.
Денсаулық сақтау министрі бұл жағдайдан хабардар. Бағдарлама тоқтаған жоқ дейді Ажар Ғиният. Тек былтырдан бастап байқау электрондық жүйеге көшкендіктен, көп қиындыққа тап болып, тұралап тұр екен.

«Осы қызметті атқаратын органдар үшін де қиыншылығы көп болды. Өйткені, әрбір саланы оқыту мәселесі бойынша 200-ден астам лот болды. Біздерде бағыт деген көп қой. Оқытатын оқу органдары да бұл бағдарламаға қатысқылары келмей, қайта- қайта конкурстар болмай жатыр. Қазір бұл конкурстарды біз іріктеп әр өңірге, әрбір дәрігерге оңай болу үшін басқармалардың сұрауы бойынша тағы да әртүрлі лоттарға бөліп, конкурстарды өткізуге дайындап жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Байқау жақында жарияланады дегенмен, нақты қай күні екенін министр айтпады. Жылдың бел ортасына келгенін ескерсек, дәрігерлер биыл да біліктілігін арттыруға үлгермей қалуы әбден мүмкін.