Смайылов индустрияландыру саласындағы Қазақстан-Қытай жобаларының тізімін кеңейтуді ұсынды
Үкімет басшысы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарында жаңа тарау ашатынын қосты, -деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мәдениет және басқа да салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың екіжақты тауар айналымы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы аталған көрсеткіш 35%-ға артып, $24,2 млрд-ты құрайтын таңғажайып нәтижеге жетті, биыл да қарқынды өсу жалғасуда.
Cондай-ақ үкімет басшысы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарында жаңа тарау ашатынын қосты.
Үкімет басшысы индустриализация және инвестиция бойынша бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтудің, 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қоюдың, сондай-ақ импорттық-экспорттық тауарлар өзара куәландыру туралы келісімді жаңартудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын арттыруға, Қытайға экспортты арттыруға және АӨК саласында бірлескен қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті.
Премьер-министр кедендік процестерді жеделдету мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде екі елдің кеден қызметтері шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті мен жұмыс уақытын ұлғайту туралы келісімге келді. Атап айтқанда, "Нұр Жолы – Қорғас" өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істей бастаса, қалған автокөлік бекеттері 12 сағаттық 7 күндік жұмыс кестесіне көшті
Сондай-ақ Әлихан Смайылов елдер арасындағы әуе рейстерінің санын одан әрі арттырудың және энергетика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті. Олардың қатарында "Қазақстан-Қытай" мұнай құбырының өткізу қабілетін кеңейту, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және т.б. бар.