Қазақстан Трамптың Газа секторындағы бейбітшілік орнату бастамасын қолдады
Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтатуға арналған жан-жақты бітімгерлік жоспарын қолдайды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Дональд Трамп Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен жүздесіп, Газадағы қақтығысты тоқтату жайын талқылаған.
Кездесуде АҚШ президенті Газаға қатысты 20 баптан тұратын бітім жоспарын ұсынған.
Дональд Трамп Газа алдымен лаңкестіктен ада, көршілеріне қауіп төндірмейтін аймақ болуы керек екенін айтқан. Бұл – басты шарт. Солай болғанда газалықтардың игілігі үшін аймақты қалпына келтіру жұмыстары басталады. Соғыс та тоқтап, Израиль әскері біртіндеп кері шегінеді. Одан соң 72 сағат ішінде барлық тұтқын қайтарылады.
Кейіннен Израиль өмір бойына сотталған 250 адамды және 2023 жылғы 7 қазаннан кейін ұсталған 1700 газалықты босатады. Ал ХАМАС мүшелері бейбіт өмірге келісіп, қаруларын тапсыратын болса – амнистия алады. Егер Газадан кеткісі келсе, қауіпсіз жол беріледі. Келісім күшіне енген сәттен бастап, толық көлемде гуманитарлық көмек Газаның ішіне жеткізіледі. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымы, Қызыл Жарты ай және өзге де тәуелсіз ұйымдар жүзеге асырады.
Ал егер ХАМАС бұл келісімді қабыл алмаса, Трамп Израильдің алдағы әскери шабуылына тоқтау болмайтынын ескерткен.