Биыл Қазақстанда ашық қалған құдыққа 7 бала түсіп кеткен: депутат датчик орнатуды ұсынды
Елімізде әлі күнге дейін инженерлік құдықтардың ортақ есебі жоқ. Оларға жауапты мекемені анықтау да қиын. Мысалы жыл басынан бері 276 люктің ашық қалғаны анықталған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Нұрсадық Ергешбек осы мәселені көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады
Депутаттың айтуынша, беті ашық құдықтар тұрғындардың өмірі мен денсаулығына зиян тигізеді. Әсіресе балалар үшін мұндай нысандардың қаупі жоғары. Биылдың өзінде жеті бала құдыққа құлаған.
«Ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндірген бұл мәселе шұғыл әрі жүйелі шешімді қажет етеді. Бұл – коммуналдық инфрақұрылым мен жауапты органдардың жұмысындағы өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаржы бағыттап, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру міндетін қойды. Осы басымдықтар «Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, инженерлік желілердің тозуын азайту, инфрақұрылымды жаңғырту және оның тиімділігін арттыру көзделген. Бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, анықталған ашық люктер саны 2021 жылы 126-дан, 2025 жылы 356-ға дейін өсті, ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 276 әкімшілік іс тіркелген», - деді депутат.
Тағы бір мәселе – барлық инженерлік құдықтың бірыңғай цифрлық есебі жоқ. Сондықтан оларға кімнің жауапты екенін де анықтау қиын.
«Қолданыстағы абаттандырудың үлгілік қағидалары бойынша қауіпті аймақты бір сағат ішінде қоршауды және қақпақты бес сағатқа дейінгі мерзімде ауыстыруды көздейді. Дегенмен, нақты есеп беру, қауіпті жедел анықтау және орындау болмаса, стандартты мерзімдердің өзі жеткіліксіз», - деді Нұрсадық Ергешбек.
Осыған байланысты «Әділет» партиясының депутаты Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады.
Бірыңғай жауапкершілік ережелерін белгілеуді және меншік иесі туралы ақпараты бар құдықтардың цифрлық тізілімін жасауды;
Қауіпті дереу жою үшін қараусыз қалған құдықтарды мамандандырылған ұйымдарға беруді;
Бір сағат ішінде қауіпті аймақтарды қоршауды, екі сағат ішінде балалар мекемелеріндегі қақпақтарды ауыстыруды және қақпақтардың жеткілікті қорын сақтауды;
Тәуекелі жоғары құдықтарды торлармен және датчиктермен жабдықтау арқылы арнайы санатқа бөлуді;
Композиттік қақпақтарға қойылатын талаптарды әзірлеуді және ұрлық аймақтарындағы металл қақпақтарды олармен ауыстыруды;
Ұрланған қақпақтарды тапсыру әрекеттері кезінде металл сынықтарын қабылдау бойынша бақылауды күшейтуді және полицияға жедел хабарлауды;
Уәкілетті органдар мен өңірлер үшін бірыңғай жүйеде деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, жарақаттардың, ұрлықтардың және оларды шешу мерзімдерінің бірыңғай есебін енгізуді;
Қауіпті аймақтарды анықтау және тәуекел карталарын жасау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу арқылы бүкіл
ел бойынша «Қауіпсіз құдық» науқанын ұйымдастыру.
Қаз
Рус






