Мәжіліс жанындағы Партияаралық кеңестің мүшелері бюджетті талқылауға қатысады

274

Фото: Мәжіліс депутаттарыМәжіліс депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізу жұмыстарына кірісті. Жұмыс тобының құрамында Палата жанынан құрылған Партияаралық кеңестің мүшелері де бар. Мәжіліске «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметтік жоба таныстырылды. Заң жобасының таныстырылымы Палатаның Қаржы және бюджет комитетінде өтті.
 
Іс-шараға депутаттармен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы мемлекеттік органдардың, Ұлттық банктің, «Атамекен» ҰКП, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Мәжіліс жанындағы Партияаралық кеңестің мүшелері – Парламентке ұсынылмаған «Adal», «Ауыл» және ЖСДП партияларының өкілдері қатысты. 

Отырыста республикалық бюджет параметрлерін нақтылау туралы Қазақстан Республикасы қаржы министрi Ерұлан Жамаубаев және ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин баяндады. 

Заң жобасын әзірлеушілердің түсіндірмелеріне сәйкес, бюджетті нақтылау шеңберінде «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында белгіленген бірқатар міндетті шешу және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында айтылған басым бағыттарды іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ қосымша қаражат коронавирустық инфекциямен күресуге бағытталады. 

Түсімдер бойынша болжам 1,1 трлн теңгеге ұлғая отырып, 12,6 трлн теңге болжануда. Тапшылық ЖІӨ-ге 3,5% деңгейінде жоспарланды. 2021 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 1,3 трлн теңгеге өсіп, 15,3 трлн теңгені құрайды.

Елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштерді нақтылау кезінде номиналды ЖІӨ 2021 жылы 77 869 млрд теңге көлемінде болжанады, бұл мақұлданған болжамнан 1 207 млрд теңгеге жоғары. Нақты ЖІӨ 103,1% деңгейінде болжанады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 655 мың АҚШ долларын құрайды.

Бюджеттік заң жобасын талқылау Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бойчин бастаған жұмыс тобында жалғасады. Оның құрамына Мәжіліс жанындағы Партияаралық кеңестің де мүшелері кірді.                            
«Мәжілістің құрамына кірмеген партиялардың Партияаралық кеңес шеңберінде жұмыс істеп жатқан депутаттармен, сарапшылармен, ҮЕҰ-мен қатар жұмыс топтарына қатысуға құқығы бар. Біз бұндай мүмкіндік берілгені үшін зор алғыс білдіргіміз келеді. Біздің сараптамалық топ республикалық бюджетке түзетулер енгізу жұмысы барысында бюджеттік бағдарламалардың әрбір әкімшісімен егжей-тегжейлі пысықтайтын болады», – деп «Adal» партиясының хатшысы Әнуар Керембаев өз ойымен бөлісті. 

«Партияаралық кеңес өз қажеттілігін дәлелдеді. Қазір республикалық бюджетті түзету мәселесі талқылануда. Бұл экономикадағы жағдайды жақсартуға байланысты мәселелердің жиынтығы», – деді «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков. 

Сонымен қатар Т.Рахымбеков бұл бюджеттің атқарылуына парламенттік бақылауды, бюджет ақшасының мақсатты жұмсалуына бақылауды күшейтуге және осы өсім сомаларының неге бағытталғандығына назар аударуға болатынын атап өтті.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Қуат Күнболатов отырысқа бейне байланыс арқылы қосылып, инфляция мәселелеріне назар аударды. 

Айта кету керек, Партияаралық кеңес бір ай бұрын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен құрылды. Бүгінде кеңес мүшелері – Қазақстанда тіркелген барлық партияның өкілдері Мәжілістің қарауындағы заң жобалары бойынша жұмысқа қатысуда. 

Қазіргі уақытта Мәжіліс жұмысындағы өзекті заң жобаларының қатарында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, өнеркәсіптік саясат туралы заң жобалары, қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша Еңбек кодексіне түзетулер, өсімдіктер әлемі туралы, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғауға қатысты, бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық жаңалықтар және т.б. бар. Парламенттік емес партиялардың өкілдері жер қатынастары мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылауға белсене қатысты.

Мәжіліс мұндай жұмыс нысаны заң шығару процесін тиімді, ашық және Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесімді етуге мүмкіндік беретініне сенімді.