Қызылордада үй құрылысы комбинаты іске қосылды

1 289

Қызылорда облысының әкімі үй құрылысы комбинатының ашылу салтанатына қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


"Мұнда темірбетон бұйымдары, сондай-ақ дайын бетоннан құрылыс материалдары, мысалы, жабын плиталары, іргетас блоктары, баспалдақтар, темірбетон тіректер және тағы басқалар шығарылады. Зауыттың өнімділігі сағатына 80 текше метр тауарлық бетон, сондай-ақ тәулігіне 120 текше метр темірбетон бұйымдарын құрайды. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.


Үй құрылысы комбинатының іске қосылуына жиналған азаматтарды Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.


"Үй құрылысы комбинатының іске қосылуы өңірдегі құрылыс саласының дамуына, жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуына септігін тигізеді. Мұндай өндіріс құрылыс құнын және импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді және ғимараттардың құрылысын жеделдетеді", - деді аймақ басшысы.


Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2023-2029 жылдары облыста 5041,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа бірнеше қаржыландыру көздерінен қаражат қарастырылған.


"Қызылорда облысында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" жалпыұлттық жобасы аясында осы жылы барлық қаржыландыру есебінен 692 300 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы жылдың 6 айында 318 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Қазір облыста 27 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оның тоғызы аудандарда, қалғаны 17 тұрғын үй Қызылордада бой көтеруде", - деп нақтылады әкімдік қызметкерлері.