ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

1 506

ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АЙТБАЙ ЖАНДАРБЕКОВ ИІРКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық қорытындысы бойынша Иіркөл ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Кездесу ауыл тұрғындарымен ашық форматта өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға ерекше тоқталып, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.

Айтбай Жандарбеков өз сөзінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол, жарық, газ және ауыз су жүйелерін жаңарту, сондай-ақ ауылдарды абаттандыру бағытындағы жұмыстардың басты басымдық екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – біздің негізгі міндетіміз. Сондықтан әрбір ауылда нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Иіркөл ауылдық округі де бұл өзгерістерден тыс қалған жоқ, – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында Иіркөл ауылдық округінде атқарылған жұмыстар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, биыл Жансейіт елді мекенінде газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар көгілдір отынға қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жетістік болып отыр.

Сонымен қатар Ыбырай Жақаев ауылында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 10 көшеге асфальт төселді. Бұл ауылішілік қатынасты жақсартып қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға да мүмкіндік берді.

Елді мекендерді абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Ы.Жақаев ауылдық мәдениет үйі аумағында орналасқан Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың кесенесінің артқы қоршаулары толық жаңартылып, тарихи-мәдени нысанның сыртқы келбеті ретке келтірілді.

Көшелерді жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмай, тұрғындар сұранысына сәйкес бірқатар көшелерге түнгі жарық бағаналары орнатылды. Атап айтқанда, Ы.Жақаев ауылындағы Нүрекеев, Ә.Қоңыратбаев, А.Сейділдаев көшелері және Жансейіт елді мекеніндегі И.Құтпанұлы көшесі жарықтандырылды.

Сонымен қатар ауылішілік жарықтандыру жүйелері жаңартылып, энергия үнемдейтін заманауи шамдар орнатылды. Бұл тек жарық сапасын арттырып қана қоймай, электр энергиясын үнемдеуге де мүмкіндік береді.

Жансейіт елді мекенінде жаңа трансформатор орнатылып, электр энергиясының тұрақты берілуі қамтамасыз етілді. Бұрын тұрғындар тарапынан жиі көтерілген электр қуатының жетіспеушілігі мәселесі толықтай шешімін тапты.

Ауыл жастары мен тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында «Береке» спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа спорт нысаны ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал етуде.

Байланыс және интернет сапасын жақсарту бағытында маңызды жоба жүзеге асырылып, ауылдық округтегі интернет желісі оптикалық талшықты байланыс жүйесіне ауыстырылды. Бұл тұрғындарға жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ К-4 су қашыртқысының Ы.Жақаев ауылынан 21-бекетке дейінгі аралығы толық тазартылып, арна бойындағы арамшөптер мен қоғалардан арылту жұмыстары жүргізілді. Бұл су жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге оң әсер етеді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе жол сапасы, ауыз су, жайылым жерлер, жастарды жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері көтерілді.

Аудан әкімі әрбір ұсыныс пен мәселені жеке бақылауға алатынын айтып, олардың кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

– Тұрғындар көтерген мәселелер біз үшін өте маңызды. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес, жүйелі түрде орындалады. Ең бастысы – халықтың сенімі мен қолдауы, – деді Айтбай Жандарбеков.

Кездесу соңында аудан әкімі ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы алдағы уақытта да жалғасатынын, инфрақұрылымды жаңарту, ауыл шаруашылығын қолдау және жастарға жағдай жасау бағытындағы жұмыстар күшейтілетінін атап өтті.

Иіркөл ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің тұрақты дамуына да серпін беріп отыр.