ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ, ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

1 510

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов төрағалық еткен мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар және өзге де маңызды мәселелер жан-жақты қаралды. 

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, жауапты сала мамандары мен мекеме басшылары қатысты. Мәжілісте ең алдымен аудан көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Соңғы уақытта халық арасында күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының өсуіне байланысты туындаған мәселелер талқыланып, бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу қажеттігі айтылды. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына сауда орындарындағы баға саясатын тұрақты бақылауда ұстап, күнделікті мониторинг жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Аудан әкімі тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Бағаның тұрақтылығын сақтау үшін кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік дүкендердің жұмысын жандандыру, қажетті жағдайда тұрақтандыру қорларының мүмкіндігін пайдалану мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты заң талаптарының сақталуы қатаң бақылауда болуы керектігі ескертілді.

Жиында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. Мамандар аталған аурудың адам денсаулығына аса қауіпті екенін айтып, оның таралуының алдын алу үшін жүйелі түрде залалсыздандыру шараларын жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе көктем және жаз мезгілдерінде кенелердің белсенділігі артатындықтан, сақтық шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Осыған байланысты елді мекендердегі санитарлық тазалықты сақтау, мал қоралары мен қора-жайларды уақытылы залалсыздандыру, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу міндеттері нақтыланды. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына аурудың таралуына жол бермеу мақсатында барлық профилактикалық шараларды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырды.

Мәжілісте 2026 жылға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында нақты жұмыстар қолға алынғаны айтылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарлары мен мал қораларына кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 4,2 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Арнайы мамандар тарапынан ауылдық округтерде дәрілеу жұмыстары атқарылып, мал иелеріне қауіпсіздік шаралары түсіндірілуде.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы ветеринариялық және санитарлық бақылау шараларын күшейту мәселесі көтерілді. Бұл ретте мал ұстайтын тұрғындарға мал қораларын таза ұстау, кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын уақытылы жүргізу және күмәнді жағдайлар туындаған кезде бірден мамандарға хабарласу қажеттігі ескертілді.

Жиында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстардың барысы да қаралды. Бағдарлама аясында аудан көлемінде санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, абаттандыру, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Аудан әкімі қоршаған ортаның тазалығы – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Осыған байланысты кент және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердің тазалығын тұрақты бақылауда ұстап, күл-қоқыстарды уақытылы шығару, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды көбейту және қоғамдық орындарды күтіп ұстау мәселелері де назардан тыс қалмайтыны айтылды.

Мәжілісте тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Аудан әкімі тазалық жұмыстары тек сенбіліктер өткізумен шектелмеуі қажет екенін айтып, оны әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналдырудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – ортақ міндет.

Осыған байланысты барлық мекеме басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізу жөнінде нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе әлеуметтік нысандардың, көшелердің, саябақтар мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау бойынша бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.

Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзге де мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі әрбір бағыттағы жұмыстар сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет екенін айтып, тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Мәжіліс қорытындысында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және аудан аумағындағы тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі екені атап өтілді. Сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі.