ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ

1 505

ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, макроэкономикалық межелердің орындалуы, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және бюджет кірістерін ұлғайту, сондай-ақ қоғамдық-саяси ахуалға қатысты бірқатар маңызды мәселелер бойынша кеңейтілген мәжіліс өткізді. Жиын барысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыттары айқындалды.

Мәжілістің басында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мұрат Ергешбаевтың Қызылорда облысы әкімі болып тағайындалуына байланысты өңірдің даму қарқынын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол жаңа кезеңде барлық салаларда нәтижеге бағытталған, жүйелі әрі нақты іске негізделген жұмыстардың маңызын ерекше ескертті.

Аудан әкімі 2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасқанын айтты. Дегенмен бұл жетістікке тоқмейілсуге болмайтынын, керісінше қарқынды бәсеңдетпей, барлық бағытта жұмысты одан әрі жандандыру қажеттігін тапсырды.

Жиында өнеркәсіп саласын дамыту мәселесі кеңінен қаралды. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін күшейту, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану және жаңа өндіріс көздерін ашу бағыттары басымдық ретінде аталды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігі айтылды.

Аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімінде аяқталуы да басты назарға алынды. Әкім жауапты сала басшыларына әрбір жобаның сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Құрылыс қарқынын арттырумен қатар, нысандардың пайдалануға берілу мерзімін созбау керектігі ескертілді.

Мәжілісте ауыл шаруашылығы саласына да ерекше назар аударылды. Егіс науқанының барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту және агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары бойынша нақты міндеттер қойылды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаржыларды уақытылы әрі тиімді игеру мәселесі де күн тәртібінде қаралды. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ ұйымдастыру қажеттігі қатаң ескертілді. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы тікелей бақылауда болатыны айтылды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары да кеңінен талқыланды. Әсіресе тұрақты жұмыс орындарын құру, жастарды еңбекке тарту және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мәселелері бойынша жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелілігін арттыру қажет екенін жеткізді.

Жиын барысында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау мәселесі де көтерілді. Әлеуметтік желілердегі ақпараттық кеңістікті тұрақты бақылау, тұрғындармен кері байланысты күшейту және халықты аудан көлеміндегі жағымды жаңалықтармен тұрақты түрде ақпараттандыру қажеттігі айтылды.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудандық полиция бөліміне тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеу тапсырылды. Қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды азайту және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы шараларды күшейту қажеттігі де ескертілді.

Сонымен қатар аудан аумағындағы инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Электр, су және газ желілерін жаңарту, жол инфрақұрылымын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру бойынша бірқатар міндеттер қойылды.

Мәжілісте елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі де атап өтілді. Ауылдық округтер мен кент әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі әрбір тапсырманың орындалу сапасы мен мерзімін жеке бақылауда ұстайтынын қатаң ескертті. Ол атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру және жұмыстың нәтижелілігін қамтамасыз ету – басты талап екенін атап өтті.

Жиын соңында Алмасбек Есмаханов барлық сала басшыларына нақты индикаторлар негізінде жұмыс істеуді, жоспарланған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ ауданның даму көрсеткіштерін жақсарту үшін жүйелі әрі үйлесімді жұмыс қажет екенін жеткізді.