ҚАРМАҚШЫДА «СЫРЛЫ ӘУЕН» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

1 502

ҚАРМАҚШЫДА «СЫРЛЫ ӘУЕН» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУ ӨТТІ

Бүгін аудан әкімінің тапсырмасымен Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде Қармақшы ауданының мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан талант иесі, өнер майталманы Абдулла Мырзабековты еске алуға арналған «Сырлы әуен» атты облыстық үрмелі аспапта орындаушылар байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Өнер додасының негізгі мақсаты – дарынды жастарды қолдау, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту және ұлттық өнерді дамытуға серпін беру. Байқау Сыр елінің мәдени өміріндегі маңызды рухани іс-шаралардың біріне айналды.

Аталған өнер байқауына облыстың әр өңірінен келген жас өнерпаздар қатысып, өздерінің шеберліктерін ортаға салды. Үрмелі аспапта орындаушылар классикалық және заманауи шығармаларды жоғары деңгейде орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Шара барысында залға жиналған көрермендер өнерпаздардың әрбір орындауын ыстық ықыласпен қабылдап, ұзақ қол шапалақпен қолдау білдірді. Байқау шын мәнінде өнер мен шабыттың, талпыныс пен таланттың тоғысқан алаңына айналды.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, Сыр өңірінің мәдениет пен өнер саласындағы орнына ерекше тоқталды.

– Сыр елі – өнер мен мәдениеттің киелі ордасы. Бұл өңірден талай өнер тарландары шыққан. Солардың бірі – ауданның мәдениет саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Абдулла Ерділдәұлы Мырзабеков. Ол кісінің шығармашылық жолы – бүгінгі жас буын үшін үлкен мектеп, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Ол сондай-ақ өнер иесінің шәкірт тәрбиелеудегі еңбегін ерекше атап өтіп, Абдулла Мырзабековтың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар, байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың өнер жолындағы талпыныстарына жоғары баға берді.

Екі кезеңнен құралған байқау барысында қатысушылар әлемдік классикалық композиторлардың туындылары мен еркін тақырыптағы шығармаларды орындады. Әрбір өнерпаз өз шеберлігін, сахна мәдениетін және музыкалық қабілетін жоғары деңгейде көрсетті.

Қазылар алқасы қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, музыкалық нақышына, техникалық дайындығына және сахнадағы өзін-өзі ұстау мәдениетіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде ең үздік өнерпаздар анықталып, арнайы дипломдармен және марапаттармен наградталды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар облыстық деңгейде де аудан намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірілді. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, шығармашылық табыс тіленді.

Бұл өнер додасы – жас музыканттардың кәсіби деңгейін арттыруға, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және мәдениет саласының дамуына серпін беретін маңызды алаң болды. Мұндай байқаулар жастарды өнерге баулып қана қоймай, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге де үлкен үлес қосады.

Қармақшы ауданы мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше мән беріп келеді. Алдағы уақытта да осындай тағылымы терең, рухани маңызы зор шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, жас таланттарға кең жол ашыла бермек.

Өнер – ұлттың рухани байлығы. Сол байлықты сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі