ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ВЕЛОЖАРЫСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ВЕЛОЖАРЫСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ БАСТАЛДЫ
Қызылорда қаласында велоспорттан әлем чемпионы, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Сатыбалдиев Марат Қуанбайұлының жүлдесіне арналған тас жолдағы велоспорттан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс жыл сайын жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, велоспортты дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Биылғы додаға еліміздің әр өңірінен келген 110-ға жуық жас спортшы
қатысып, бес күн бойы тас жолда өзара мықтыны анықтайды.
Ашылу салтанатына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Сағидат Бертай, «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Жандос Базартай, облыстық велоспорт федерациясының президенті Рахат Ілияс, сондай-ақ «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубының директоры Азамат Сатыбалдиев қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген қонақтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірде велоспорттың дамуы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Олар мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, шынығуына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына зор мүмкіндік беретінін жеткізді.
Турнир 15–16 жас аралығындағы жасөспірім ұлдар арасында өтіп жатыр. Жарыс бағдарламасына тас жолдағы түрлі қашықтықтағы жарыстар енгізіліп, спортшылардың жылдамдық, төзімділік және тактикалық шеберлігі сынға түседі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, жеңімпаздар алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға жолдама алуы мүмкін.![]()
Аталған турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар жас буынды салауатты өмір салтына баулитын, бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін маңызды алаң болып отыр.
Қызылорда облысы спорт саласының мамандары мұндай жарыстардың тұрақты өткізілуі өңірде велоспорттың дамуына оң әсер етіп, жаңа спорттық жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.







