Қала әкімінің орынбасары қызметіне Ділмұхамед Абизов тағайындалды

1 499

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚызылорда қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Ділмұхамед Мнуарбекұлы Абизов тағайындалды. Шаһар басшысы Нұржан Ахатов кадрлық өзгерістерге байланысты өткен актив жиынында жаңа орынбасарын таныстырып, оның кәсіби тәжірибесі мен қоғамдық саладағы белсенділігін ерекше атап өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Ділмұхамед Мнуарбекұлы 1978 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Тау-кен инженері», ал Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы «Сырдария Мұнай» АҚ-да бұрғылаушы болып бастаған ол, кейін 15 жылға жуық уақыт бойы «Харрикейн Құмкөл Мұнай» ААҚ-да оператор болып еңбек етті. Сонымен қатар, түрлі кәсіпкерлік бағыттарда қызмет атқарып, 2016 жылдан бастап «Далатекс» серіктестігінің директоры қызметін атқарды.

Ділмұхамед Абизов – Қалалық мәслихаттың VII және VIII шақырылымдарының депутаты. Қоғамдық салада да белсенділік танытып, бірқатар маңызды лауазымдарды абыроймен атқарған. Атап айтқанда:

  • «Байқоңыр» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі;
  • «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің төрағасы;
  • «Qaz Textile Industry» өзін-өзі басқару ұйымының директорлар кеңесінің төрағасы;
  • Қызылорда Өңірлік инвестициялық орталығының бақылау кеңесінің төрағасы болып келді.

Мемлекет пен қоғам алдындағы сіңірген еңбегі ескеріліп, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған.

Жаңа лауазымында Ділмұхамед Мнуарбекұлы кәсіпкерлік және өнеркәсіп, қоғамдық даму, мәдениет және тілдерді дамыту, дене тәрбиесі, спорт және туризм салаларына жетекшілік ететін болады.

Қала әкімі Нұржан Ахатов жаңа орынбасарына сәттілік тілеп, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында бірлесіп нәтижелі жұмыс жасауға сенім білдірді.