Аудан әкімі Ардақ Ибраимов төрағалығымен мәжіліс өтті

1 558

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіЖалағаш ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Жиынға барлық сала басшылары мен жауапты қызметкерлер қатысты. Мәжілістің басты мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттік көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты талқылау болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Күн тәртібінде бірнеше маңызды бағыт қаралды. Біріншіден, мүлік және көлік салығының орындалу барысы талданып, салықтық түсімдерді арттыру жолдары қаралды. Бұл бағыт бойынша аудан әкімі нақты тапсырмалар беріп, сала қызметкерлерінің есептілігін және жауапкершілігін арттыруды тапсырды.

Екіншіден, кәсіпкерлік субъектілерін заңды түрде тіркеу жұмыстары бойынша мәселелер қаралды. Аудан басшысы кәсіпкерлердің құқықтық негізде тіркелуін жеңілдету, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау және заң талаптарының сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес салынған айыппұлдардың өндірілу барысы қаралды. Аудан әкімі сала басшыларына міндетті түрде барлық айыппұлдардың уақытылы өндірілуін, тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарының толық жүргізілуін қатаң бақылауға алу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіМәжіліс барысында Ардақ Ибраимов жауапты сала басшыларына әр бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң қадағалау қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін барлық іс-шаралардың тиімділігін арттыру, тұрғындардың құқықтарын қорғау және әкімшілік тәртіпті сақтау шараларын күшейту маңызды екені баса айтылды.

Кеңейтілген мәжіліс қорытындысында аудан әкімдігі алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың барысын тұрақты түрде бақылап, нәтижелілігін қамтамасыз ететіндігін мәлімдеді. Жиынның қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар барлық сала қызметкерлері тарапынан мерзімінде және сапалы орындалуы тиіс.