Қызылордада Қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өтті
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ кешені қызметкерлерін кәсіби мерекесімен, Қазақ мұнайының 125 жылдығымен және алдағы Конституция күнімен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өнер орталығында өткен салтанатты іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы «қара алтынды» игерген, жер қойнауындағы қазына-байлықты халық игілігіне айналдырған мұнайшыларды құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында жер қойнауын игеру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. Бүгінгі күні жаңа перспективалық учаскелерді барлау мәселесі өзекті. Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелерінде геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Оған республикалық бюджеттен 6 млрд. 300 млн. теңге қаржы қаралған. Биыл «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метр ұңғыманы бұрғылау басталды.
Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қызылордалық мұнайшыларды құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан бөлек, іс-шарада сала үздіктері марапатталды.