ҚЫЗЫЛОРДАДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» АШЫЛДЫ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы 600 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған.
Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, зиялы қауым өкілдері мен жауапты сала басшылары және қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты еңселі де сәулетті мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты іс- шарада білім саласының ардагері, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Алтынсары Шүренов жиылған жұртшылықты құттықтады. Еңбек ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайроллаұлы батасын берді. Сондай-ақ, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.
Айта кетейік, 2024 жылы білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгеге, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға ұлғайды. Саланың биылғы бюджеті 308 млрд 134 млн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға арттық.
Былтыр аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, іске қосылды.Нәтижесінде Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.
«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы»,Жаңақорған ауданында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ел игілігіне табысталды.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы»,дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты бой көтеруде. Жыл ішінде Шиелі ауданында да «Оқушылар үйі»мен «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.
Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының Жалаңаш ауылынан 150 орындық мектеп салынады.Былтыр 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1300 мектепті күрделі жөндеу тапсырмасына сәйкес 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, биылсоның 9-ы күрделі жөндеуден өтеді.