ЖЕТІСУ МЕН СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ САЙЫСЫ ӨТТІ

1 505

ЖЕТІСУ МЕН СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛІ САЙЫСЫ ӨТТІ

Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бес асыл» жобасы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты Қызылорда мен Жетісу облыстары өнерпаздарының республикалық дәстүрлі өнер сайысы өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтап, ел тарихы мен руханиятын насихаттауға бағытталған мәдени шараға екі өңірден келген ақындар, жыршы-жыраулар, термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер қатысты. Өнер додасының негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеу, оның үздік үлгілерін кейінгі ұрпаққа жеткізу және өнерпаздар арасындағы шығармашылық байланысты нығайту.

Сөз бәйгесін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөзімен ашып, өнер додасына қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Алашқа ана болған Сыр өңірі – сөз киесі қонған, жырдан маржан төгілген қасиетті өлке. Осы дәстүрді бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Мұның айқын дәлелі – Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы.

Мейірбек Сұлтанхан да «Алтын домбыраны» иемденіп, Сыр елінің айтыстағы дәстүр жалғастығын тағы бір мәрте танытты. Бұл сабақтастық жас талант Бексұлтан Орынбасаровтың «Күміс домбыра» иегері атануымен де айшықтала түсті.

Халқымыз қашаннан өнерді бағалаған, кие тұтқан. Оның ішінде айтыс өнерінің біз үшін орны ерекше. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері қаншама ақындарымыз түлеп ұшып, айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз!

Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге тартысты айтыс тілей отырып, ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сыр өңірі – қазақтың дәстүрлі өнері мен жыраулық мектебі кеңінен қалыптасқан қасиетті мекен. Мұнда ғасырлар бойы қалыптасқан жыршылық, термешілік, дәстүрлі ән мен күй өнері бүгінге дейін үзілмей жалғасып келеді.

Ал Жетісу өңірі де қазақ мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан, талай тарланның өнерін түлеткен киелі мекен ретінде белгілі. Екі өңірдің өнерпаздарының басын қосқан бүгінгі мәдени шара осы ортақ рухани құндылықтардың сабақтастығын айқындай түсті.

Өнер аламанында қос тараптың жүйріктері айтыстың бірнеше жанры бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, өнерпаздар түре, сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысы жанрларында сөз сайысына түсіп, суырыпсалмалық шеберліктерін танытты.

Сонымен қатар шара барысында жыршы-жыраулар, термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық өнердің сан қырын көрермен назарына ұсынды.

Сахна төрінде командаларды таныстыру кезеңінде Нұрлы Мұхамади мен Қазыбек Шынберген өнер көрсетсе, сүре айтыста Данияр Болатқан мен Бексұлтан Орынбасаров бақ сынасты.

Жыршылар сайысында Есхат Нұрәли мен Марат Сүгірбай өнер көрсетіп, жыршылық дәстүрдің бай мұрасын дәріптеді. Түре айтыста Дидар Өмірәлі мен Мейірбек Сұлтанхан сөз қағыстырды.

Күй тартыста Самат Жексенбаев пен Әділбек Тәшімов домбыраның қос ішегінен төгілген күмбірлі күй арқылы шеберліктерін көрсетті. Қыз бен жігіт айтысында Әдемі Сыбанқұл мен Ержан Әміров әзіл мен астарлы сөзді ұштастыра отырып, көрерменге әсерлі өнер ұсынды.

Дәстүрлі ән орындауда Бейбіт Мұсаев пен Зульфия Баймұрзаева қазақ ән өнерінің жауһарларын орындаса, қайым айтыста Қазыбек Жеңісхан мен Мұхтар Ниязов сөз додасына түсті.

Ал терме жанрында Арафат Ысқақов пен Руслан Ахметов ұлттық орындаушылық өнердің өзіндік ерекшелігін танытып, терме дәстүрінің тағылымдық мазмұнын жеткізді.

Өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық дайындығын құрамында ұлттық өнердің майталмандары бар қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасының төрағасы – белгілі ақын Жүрсін Ерман. Алқада айтыскер ақын, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекарыс Шойбеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Қосанова, жыршы-термеші, өнертанушы, Мәдениет саласының үздігі Елдос Еміл және күйші, профессор, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы болды.

Қазылар өнерпаздардың сахна мәдениетіне, орындаушылық шеберлігіне, суырыпсалмалық қабілетіне, сөз саптауына, ұлттық дәстүрді меңгеру деңгейіне және шығармашылық ізденісіне назар аударды.

Республикалық деңгейдегі дәстүрлі өнер додасы көрермендерге де ерекше әсер сыйлады. Әсіресе айтыс кезінде ақындардың ұшқыр ойы мен тапқыр сөзі, домбыраның күмбірі мен дәстүрлі әннің әуезді үні ұлттық өнердің қадір-қасиетін айшықтай түсті.

«Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты өнер сайысы – ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсеткен тағылымды мәдени шаралардың бірі болды. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жаңа буын өнерпаздарының аға буын дәстүрін жалғастырып, ұлттық өнерді жаңа деңгейде дамытуы – руханият саласындағы маңызды жетістіктердің бірі.

Шара барысында өнерпаздар тек өзара бақ сынасып қана қоймай, шығармашылық тәжірибе алмасты. Екі өңірдің өнер мектептерінің өзіндік ерекшеліктері сараланып, дәстүрлі өнердің ортақ құндылықтары кеңінен насихатталды.

Тартысты өткен дәстүрлі өнер додасының қорытындысы бойынша жоғары дайындық пен шеберлік танытқан Қызылорда облысының командасы жеңіске жетті.

Жеңімпаз командаға арнайы кубок пен қаржылай сертификат табысталды.

Өнер додасының нәтижесі Сыр өңіріндегі дәстүрлі өнер мектебінің қалыптасқанын және оның жаңа буын өкілдері арқылы жалғасын тауып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Мұндай мәдени жобалар ұлттық өнердің мәртебесін көтеріп қана қоймай, жас өнерпаздарға үлкен сахнада тәжірибе жинақтауға, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.

Қазақтың дәстүрлі өнері – ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын, салт-дәстүрін және рухани болмысын сақтайтын баға жетпес мұра. Оны дәріптеу, дамыту және келер ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет.

«Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық дәстүрлі өнер сайысы осы мақсат жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып, Сыр мен Жетісу өнерпаздарының өзара шығармашылық байланысын одан әрі нығайтты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.