Ғылыми жобаға бөлінген 1 млрд теңге қайда кетті? «Bal halal» директоры қамалды

1 500

Фото: PinterestҚаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Ғылым қоры» АҚ-ның ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлген қаражатын жымқыру дерегі бойынша «Bal halal» ЖШС директорына қатысты тергеуді аяқтады. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 945 млн теңге деп бағаланып отыр, - деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

ҚМА мәліметінше, 2023-2024 жылдары «Bal halal» ЖШС төрт жобаны жүзеге асыру үшін 1,15 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алған. Жобалар аясында өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіру жоспарланған.

Бөлінген қаражатқа қажетті жабдықтарды сатып алу, өндірістік орынжайларды дайындау, шикізат пен қосалқы бөлшектер алу, жабдықтарды орнату және жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ дайын өнім шығаруды жолға қою көзделген.

Алайда тергеу барысында сатып алынған жабдықтардың жобаларда көзделген өнімдерді өндіруге жарамсыз екені анықталған.

736 млн теңгеден астам қаражат басқа компанияларға аударылған

Тергеу деректеріне сәйкес, бөлінген ақшаны заңсыз шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Жабдық сатып алу және түрлі қызметтерге ақы төлеу деген желеумен аталған компанияның есепшоттарына 736,4 млн теңге аударылған.

Бұдан бөлек, қаржы операцияларына «Фабрика рекламы Шымкент», «Jana tan» ЖШС-тері, «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі және басқа да кәсіпкерлік субъектілері тартылған.

Мониторинг жұмыстары қағаз жүзінде жүргізілген

ҚМА мәліметінше, жобалардың іске асырылуын бақылау да тиісті деңгейде жүргізілмеген. Атап айтқанда, мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай және орындалған жұмыстарды тексермей жасалған.

Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, оларға мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау жасалып жатқандай жалған көрініс қалыптастырылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың 88,5 млн теңгесін заңдастыру мақсатында «Bal halal» ЖШС-нің банк есепшоттарына қайта енгізген. Бұл соманы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға бағытталған өзінің қаражаты ретінде көрсеткен.

Салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 млн теңгеге жеткен.

Күдіктінің 830 млн теңгелік мүлкіне тыйым салынды

ҚМА хабарлауынша, күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салынған.

Олардың қатарында бес жер учаскесі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық үй-жай және зергерлік бұйымдар бар.

Қылмыстық іс бойынша өзге ақпарат Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.  

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.