Қарауылтөбеде 119 кәсіпкерлік нысан бар

1 026

Қарауылтөбеде 119 кәсіпкерлік нысан бар, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі Еркін Ахетов 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге  тоқталып өтті.


«Өткен жылы ауылдық округтің жаңадан қоныстанушы аумағындағы 14 көшеге қиыршық тас төселіп, 1,3,5 көшелеріне жарық бағаналары орнатылды. Округтің кіре беріс автокөлік жолына және Байсейітов көшесіне, сондай-ақ, Ж.Әбдіхалықов, А.Құнанбаев және Желтоқсан көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында А.Иманов тұйығы мен А.Құнанбаев көшесінің аяқ жағы жарықтандырылды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Желтоқсан көшесіне асфальт төселді. Электр желілерін жаңарту бағытында, 8 дана КТПН, 15 км құрайтын электр бағаналары орнатылды. 150 орындық ауылдық клуб пайдалануға берілді. Ал, биыл жаңадан қоныстанушы аумақтағы 12 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады.», - деді ауылдық округ әкімі Еркін Әбдірайханұлы. 


Жалпы, ауылдық округте 119 кәсіпкерлік нысан нақты жұмыс істеуде. Өткен жылы ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жобалар ұсынып,  нәтижесінде кәсіп бастағандар қатары 19-ға толыққан. Яғни, «Іскер» бағдарламасы аясында 5 жоба қаржыландырылса, «Аграрлық несие корпорациясы» бағдарламасы аясында 2 жоба және жастарға арналған 2,5%-дық несие беру бағдарламасы арқылы 2 жоба мақұлданды.  Ұлттық жоба шеңберінде екінші деңгейлі банк арқылы жеңілдетілген несиеге 1 жоба қолдау тапты. 

Бұдан бөлек, Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған бағдарлама аясында 3 жоба мемлекеттік грантқа ие болды.

 

 

Фото: Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі