Алаяқтар қажылыққа апарамыз деп 60 млн теңгені иемденген
Астанада қажылыққа баруды жоспарлаған 37 азамат алаяқтардың арбауына түсіп, 60 миллион теңгесінен айырылған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Елордалық екі тұрғын әлеуметтік желіде Мекке мен Мәдинаға қажылық сапарын ұйымдастыратыны туралы жарнама жариялап, тұрғындардың сеніміне кірген. Қасиетті орындарға барғысы келген азаматтар уәде етілген сапар үшін қомақты қаржы төлеген. Ақша қолдарына тиген соң, күдіктілер міндеттемелерін орындамай, қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Іс сотта қаралып, кінәлілер бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылды, деп мәлімдеді Астана қаласының прокуратурасы.







