"Лейтенант шені - 600 мың теңге". Армия клубындағы былықтың беті ашылды
1 280
Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитеті - Армия орталық спорт клубы (ЦСКА) қызметкерлері басшылары Айталап Қорғамбаевтың былықтарын жайып салды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитеті — Армия орталық спорт клубы қызметкерлері Президенттің атына хат жазды. Олар клуб басшысының жемқорлық әрекеттеріне қатысты өз дәлелдерін келтірген. Бірақ орталық мұны жоққа шығарды.
Орталықты бірнеше жылдан бері Айталап Қорғамбаев басқарады. Ол бұл қызметіне дейін елорданың Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына басшылық еткен. Қазақстанның Биатлон федерациясының президенті болған.
"Армия орталық спорт клубының басшысы Айталап Қорғамбаев қаржыны қалтасына басу үшін қасына өзінің туыстары мен достарын жинап алған. Спорт нысандарын жеке тұлғаларға жалға беру кезінде өзінің таныс жалға алушыларының реквизиттерін көрсеткен. Тіпті ол реквизиттердің кейбірі жалға алу туралы келісім-шартта жазылмаған. Осылайша, Айталап Қорғамбев өзінің жеке бизнесін дамытты", — делінген хатта.
Бұл Алматыдағы Тәтімбет, 400 А мекенжайындағы хостел. Хат иелері жұмысқа жеке құрамның бірнеше қызметкерін тартқанын да айтып отыр.
Дәлірек айтқанда, Д.Климентьев (штаттық командаларды дайындау орталығының нұсқаушысы) тұрақты жұмыс істейді. Ол өзінің жеке көлігімен комитет төрағасын тасиды. Қажет болса, Сергек пен хостелдің камерасынан қарауға болады,— делінген хатта.
Сосын барлық тағайындаулар, ақша аударымдары, келісім-шартты ұзарту үйлестіруші Наурызбек Сағымбаев (боксшы, штат бойынша аға спортшы, штаттық командаларды дайындау орталығының нұсқаушысы) арқылы жүзеге асырылады екен.
Тіпті әскери лейтенат шені де Наурызбек Сағымбаев арқылы беріледі. Оның құны — 600 мың теңге. Осылай ақшасын төлеп алғандардың қатарында А.Базарбаев, Ә.Қапезов, Е.Сарқұлов, Д.Мұстафин, Б.Нарзиев, Б.Шәкен, Ә.Даулымбаев, Р. Жапаров бар,
— делінген хатта.
Қарап отырсақ, жоғарыда аталған есімдердің көбі — еліміздің белгілі спортшылары. Мысалы, таэквондошы Руслан Жапаров 2016 жылы Рио Олимпиадасында Қазақстанның туын ұстап шыққан. Әділет Қапезов, Елдос Сарқұлов бокстан ел чемпионатында бірнеше рет жүлдегер атанған. Еркін күрес балуаны Әділет Даулымбаевты да жанкүйерлер жақсы таниды.
Хат иелері лейтенат шенінен бөлек, жалпы кезекті шенді алу үшін де 500 мың теңге төлеу керек екенін айтып отыр.
"Олардың қаржылық мүмкіндіктері болмай, несие алған. Банктегі несие тарихтарын қарап, тексеруге болады. Сол кезде көздеріңіз жетеді. Одан бөлек, қызметтік іссапарлар спорт комитеті төрағасына жақын адамдар арасында бөлінеді. Үнемі мемлекеттік қазынаның қаржысын далаға шашу акциясы өтіп тұрады. Ефрейтор Мәмбетқұлов Олимпиада құрамасында болмаса да, командасымен бірге олимпиадалық дайындықтан өтті. Кейіннен еңбек демалысына кететіні бар не үшін мұндай шығын шығарып, жаттығуға барған? Ең қызығы, спортшылардың өздері оқу-жаттығу жиыны қайда өткенінен хабарсыз. Жиынға бөлінген қаржы спортшылардың банк есеп-шоттарына аударылған. Сосын олар картадағы ақшаны шешіп, Наурызбек Сағымбаевқа қолма-қол апарып берген", — делінген хатта.
Хат иелері Орталық армия спорт клубы штаб басшысының не қарап отырғаны түсінісіз дейді. Тек соның кабинетінде ғана ламинат бар. Өзінің жеке кабинетіне жөндеу жұмысын жүргізіп алған. Ол жөндеу жұмысын іссапардан үнемдеу арқылы жасадым деп айтады екен.
"2021 жылдың 30 маусымында Айталап Қорғамбаевтың туған күні болды. Боксшылар құрамасы 500 мың теңге тұратын диван сыйлады. Ақша жинағандарының айғағын Kaspi қосымшасы арқылы білуге болады. Капитандар Т.Естаев, Б.Ақпанбековтер (туыстық және достық жақындықтары бар) құны 1 миллион теңге тұратын "Роликс" сағатын сыйлаған", — делінген хатта.
Біз осы хатты алған соң, екінші тараптың да пікірін білуге тырыстық. Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитеті — Орталық спорт клубына ресми хат жолдағанбыз.
Комитет төрағасының орынбасары подполковник М.Қабылбаев қысқаша жауап берген екен.
"Бұл хат 2021 жылы Президенттің аппаратына да түскен болатын. Содан кейін құзырлы органдар тарапынан тиісті-тексерулер жүргізілді. Аталмыш домалақ арыз-шағым деректері бойынша ешқандай нақты дәлелдер, құқық және тәртіпбұзушылық анықталған жоқ. Қазіргі уақытта бұл іс толық жабылған. Тексеріс нәтижесінің қорытынды құжаттары Қорғаныс министрлігінде бар", — делінген ресми жауапта.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де жауап беруге дайын екендерін айтты. Алдағы уақытта министрлік жауап беріп жатса, жариялауға дайынбыз.