Қызылордада бу-газ қондырғысын салмақ болған түрік инвесторы кедергіге тап болды
Прокурорлар инвесторларға көмектесіп жатыр. Қазір прокурорлардың назарында 1 мыңнан астам инвестициялық жоба бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өңірлерде инвесторлардың құқығының бұзылуына жедел ден қою және әкімшілік кедергілерді алып тастау жұмысы фронт-офистер («бір терезе» қағидаты бойынша) және мобильді топтар (сall-орталық 24/7 режимінде) арқылы қамтамасыз етіліп жатыр.
Бас прокуратура алаңында инвесторлардың құқығы мен заңды мүддесін қорғайтын арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды.
Осы жұмыс шеңберінде инвесторлар және уәкілетті органдар тұрақты кездесулер өткізіп жүр.
Мысалы, Бас прокуратура қызметкерлері «Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында 391 млн АҚШ доллары сомасына бу-газ қондырғысын салу бойынша «Aksa Energy Qyzylorda» ЖШС түрік инвесторымен кездесу өткізді.
Жобаны іске асыру үшін қажетті жер учаскесінің аумағы (8,5 га) инвесторға нақты берілгеннен (3,6 га) әлдеқайда көп екені анықталды.
Осыған байланысты оған қайтадан жұмыс жобасын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту қажет, бұл құрылыстың басталу мерзімін кешіктіруі мүмкін.
Жоба Бас прокуратураның қадағалауына алынды.
Қызылорда облысы прокуратурасына инвесторға жаңа жер учаскесін беру мәселесін бақылауға алу тапсырылды.
Бұл кейс Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.В. Склярдың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында қаралды.
Оның нәтижесі бойынша энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрлеріне инвестордың проблемасын шешу жөнінде нақты тапсырма берілді.
Жалпы бүгінде прокурорлар инвесторлардың 77 проблемалық кейсін шешті.