Қызылордада сәулет саласындағы өзекті мәселелер мен жоспарлар талқыланды
Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз конференциясын өткізіп, 2025 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында баяндады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қаланың Бас жоспары жаңартылады
Биыл Қызылорда қаласының қолданыстағы Бас жоспарының мерзімі аяқталады. Осыған байланысты өткен жылдан бастап оны жаңарту шаралары қолға алынып, қазіргі таңда жоспарды әзірлеу екінші кезеңге өтті. Аталған жобаны ашық конкурс нәтижесімен анықталған Алматы қаласындағы «Казгипроград 1 жобалау институты» ЖШС жүзеге асыруда.
Бірінші кезеңде қаланың даму концепциясы әзірленді.
Қазіргі кезеңде Бас жоспардың толық жобалық құжаты дайындалуда.
Сонымен қатар, Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылдық округі мен Досан ауылының Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Заңсыз құрылыстар мен жер пайдалану – бақылауда
Қала аумағындағы сәулеттік талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ құрылыс және жер пайдалану тәртібін бұзу деректеріне тұрақты мониторинг жүргізуде.
Есепті кезең ішінде: 158 нысанда сәулет-қала құрылысы талаптарын бұзу дерегі анықталды.
Мысалы:
- «Айзада Плаза» сауда үйінің рұқсатсыз қосымша құрылысы,
- «Қызылорда» қонақ үйінің екінші қабатындағы заңсыз терасса,
- Астана даңғылы мен А.Иманов көшесінің қиылысындағы артық қоршау,
- Н.Ілиясов көшесінің бойындағы жазғы кафе – бұзылды.
Мемлекеттік меншіктегі жерлерді заңсыз иелену бойынша: 77 құқықбұзушылық дерегі тіркелді.
Жер қатынастары саласындағы уәкілетті органмен бірлескен шаралар нәтижесінде:
- И.Журба көшесінің бойында қызыл сызыққа енген көлік жуу ғимараты,
- Иса Тоқтыбаев көшесіндегі заңсыз сауда нысаны – сот шешімі негізінде бұзылды.
Заң бұзған тұлғаларға шара қолданылды
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және абаттандыру қағидалары аясында: 954 әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұлар:
- Мемлекеттік жерді өз бетінше иемдену,
- Мемлекет мүлкіне зиян келтіру,
- Заңсыз құрылыс жүргізу,
- Ортақ пайдалану аймақтарын ластау сияқты әрекеттерге қатысты рәсімделген.
Қорытындылай келе, қала сәулетін дамыту, құқықтық тәртіпті сақтау және жайлы қалалық орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімдігі мен уәкілетті мекемелер қоғамдық кеңістіктердің қауіпсіздігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге баса назар аударуда.







