Қызылордада автосалон 20 автокөлікті меншік құқығынсыз сатып жіберген
Қызылордада автосалон 20-ға жуық автокөлікті меншік құқығынсыз сатып, тұрғындарды алдаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жетінші арна тілшілері арнайы түірілім жұмыстарын жүргізген. Адамдар 6-12 миллион теңге төлеп, көлік алған, бірақ сот шешімімен олар бастапқы иелеріне қайтарылды. Сатып алушылар көліксіз қалып, банктерге қарыз төлеп жатыр. Кей көліктер бірнеше рет сатылған. Автосалонның екі қызметкері сотталып, бірақ автосалон әлі де жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер қайда жүгінерін білмей отыр.
Қызылордалық тұрғын Күлімшат Еркін автосалоннан көлік сатып алу үшін банк арқылы 12 миллион теңге кредит алған. Қазір ол ай сайын 351 мың теңге төлеп отыр. Бірақ көлігі тәркіленіп, айып тұрағына қойылған. Сот көлікті алғашқы иесіне қайтару туралы шешім шығарған. Алайда Еркін не үшін кредит төлеп жатқанын түсінбей отыр.
Мұндай жағдайға тағы кемінде 20 адам тап болған. Белгілі болғандай, автосалон көліктерді сатып алған соң, иелеріне ақша төлемеген. Тіпті кейбір көліктерді бірнеше адамға сатқан фактілер де анықталған.
Кей көліктер әлі де банктің кепілдігінде болған. Бірақ банктің өкілдері сот отырысына шақырылмаған. Облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Мұхамедқали Мәдияров азаматтардың құқығы бұзылғанын айтады.
Сот үкімі шықса да, автосалон жұмысын жалғастырып жатыр. Қала сотының мәліметінше, автосалонның екі өкілі сотталып, бірі 4 жылға, екіншісі 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.